Қазақстан мен Қырғызстан кеденге қатысты даулы мәселелерді талқылап жатыр
Қазақстан мен Қырғызстан кеден бекеттерінен жүк көліктерін кедергісіз өткізу мәселесі бойынша келіссөз өткізіп жатыр. Бұл жөнінде 3 қарашада Жогорку кеңеш отырысында Қырғызстан экономика және сауда министрінің орынбасары Бекболат Әлиев хабарлады.
Депутат Саматбек Ибраевтың айтуынша, Қазақстанмен шекарада шақырымға созылатын жүк көліктерінің кезегі қайта пайда болған. Арасында ауыл шаруашылық өнімдерін тасып жатқан көліктер де болуы мүмкін. Ибраев экономика вице-министрінен көлік кептелісінің себебін сұраған.
Ал вице-министр жүк көліктерінің жиналып қалғанынан хабарсыз екенін жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, Қырғызстан Қазақстанмен бірнеше жылдан бері шекарадағы шектеулерді алып тастау жөнінде келіссөз жүргізіп келеді. 2019 жылдан бастап екі ел жүк көліктерін тексермей өткізу механизмін сынақтан өткізген. Жоба аяқталғаннан кейін келіссөз қайта жалғасқан.
«2020 жылы тамызда екі елдің премьер-министрлері жүк көліктерін кедергісіз өткізу туралы хаттамаға қол қойған. Осы хаттамаға сәйкес, навигациялық пломбасы жоқ көліктер ғана тексерілетін болған. Қазір жүк көліктерін өткізу тәртібін шешу үшін келіссөз жүргізіп жатырмыз, соңғы нақтылайтын сұрақтар ғана қалды. Кеденнің жаңа басшысы да бірнеше идея айтты. Жақын арада барлық мәселені шешеміз деп ойлаймыз» деді Әлиев.
Қазақ-қырғыз шекарасында көлік кептелесі жиі болып тұрады. Биыл шілде айында Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы «Ақ-тілек автожол» өткізу бекетінде көлік кептелісі пайда болып, кезек күткен көліктер саны жүзден асты.
Алдыңғы жылдары шекарадағы бақылаудың күшеюі Қырғызстан мен Қазақстан арасында дау туғызған. Сарапшылар мұны көрші елдердің сауда соғысы деп сипаттаған.
Қазақстан мен Қырғызстан Еуразия экономикалық одағына мүше. Ұйым елдерінде тауарлар ешқандай кедергісіз тасымалдануы тиіс. Бірақ оған мүше елдер ұйымдағы әріптесіне шектеу шараларын қолдануды доғармай отыр.
newstaraz.kz