Қазақстан Pfizer екпесін тіркеді
Қазақстан америкалық Pfizer және германиялық BioNTech компанияларының бірлесе әзірлеген вакцинасын салуға рұқсат берді. Денсаулық сақтау министрлігі медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті америкалық вакцинаны 23 тамыз күні 8 айға уақытша тіркегенін айтты.
Ел арасында Pfizer екпесі деп танылған бұл препараттың ресми аты – Comirnaty (Комирнати). Екі дозадан тұрады, арасы 21-28 күн. Ерекше жағдайда аралық 41 күнге дейін ұзаруы мүмкін.
Comirnaty – ДДСҰ мақұлдаған вакциналардың бірі. Қазақстанда осы вакцинаны күтіп отырғандар көп. Өйткені олар елде бар екпелерге сеніңкіремейді. Вакциналау науқанын 1 ақпанда бастаған Қазақстанда ресейлік «Спутник V» (қазір оны Қарағандыда өндіреді), отандық QazVac, қытайлық Sinopharm компаниясының БАӘ-де өндірілген вакцинасы Hayat-Vax пен Қытайда өндірілген екпесін Vero Cell, сондай-ақ тағы бір қытай компаниясы Sinovac компаниясының екпесі CoronaVac қолданылады. Үкімет 10 миллион адамға вакцина салуды көздеп отыр.
Әзірге тек 5,3 миллион адам ғана екпені толық алған. 1,2 миллионнан астам адам екпенің бірінші дозасын алып, екіншісін күтіп отыр.
Pfizer екпесі Қазақстанға қазан айында келеді деп жоспарланып отыр. Денсаулық сақтау министрлігі оны бастапқы кезде ата-ананың рұқсатымен 12 жастан асқан балаларға және жүкті әйелдерге салатынын айтқан.
newstaraz.kz