Қазақстан «Талибанға» елшілік ашуға рұқсат берді. Бірақ Астана «тәліптер билігін мойындамайды»
Қазақстан сыртқы істер министрлігі Астанада «Талибанға» елшілік ашуға рұқсат берген. Бұл туралы 17 сәуірде СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді.
Смадияровтың сөзінше, Қазақстан үкіметі «Ауғанстанның жаңа үкіметінің дипломаттарын» аккредитациядан өткізу өтінішін қабылдаған.
«2021 жылы тамызда Ауғанстандағы билік құлаған соң вакуум пайда болды. Ауғанстанның шетелдегі елшіліктері бұл елдің атынан қызмет етуді тоқтатты» дейді Смадияров.
СІМ өкілі Қазақстанда «тәліптердің елшілігінің» ашылуы бұл ұйымның билігін мойындады дегенді білдірмейді деді. Смадияров «Талибанды» мойындау «БҰҰ құзіретінде» екенін ескертті.
15 сәуірде Қазақстан премьер-министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғаринмен кездескеннен кейін «Талибаннің» үкіметі жетекшісінің орынбасары Абдул Ғани Барадармен кездесіп, сауда келіссөзін жүргізген.
17 сәуірдегі брифингте Азаттық тілшісі «Жұманғарин тәліптермен кездесуде Ауғанстандағы қазақтардың мәселесін көтерді ме?» деп сұрағанда Смадияров «Бұл мәселені талқылауға мүмкіндік болған жоқ. Бағдарлама өте тығыз болды, Кездесудің бәрі сауда-экономикалық бағытта болды. Серік Жұманғарин сауда министрі болған соң өз құзіретінде ғана келіссөз жүргізді» деп жауап берді.
«Талибан» билікке келген тұста Ауғанстанда тұратын қазақтар Астанадан көмек сұрап, Қазақстанға оралуға шақырту жіберуді өтінген еді.
Журналистердің «тәліптер қауіпсіздікке кепілдік бере ме?» деген сауалына СІМ өкілі «Ауғанстанның қазіргі билігі 40 миллион адамға тамақ тауып беру үшін, оларға жалақы төлеу үшін Қазақстан тауарларына мүдделі» деді.
«Талибан» қозғалысы әлемнің көп елінде, соның ішінде Қазақстанда да террористік ұйым деп танылған. Бірақ Қазақстан тәліптер билікке келген соң Кабулға делегация жіберген, Қазақстанның Ауғанстандағы елшілігі де жұмыс істеп тұр.
Астана Ауғанстандағы тәліптер билігін мойындаған жоқ, бірақ президент Қасым-Жомарт Тоқаев «гуманитарлық мәселелерді шешу үшін» Қазақстан тәліптермен келісімге дайын екенін мәлімдеген.
newstaraz.kz