Қазақстанда қаңтар оқиғасы бойынша қозғалған істер 700-ге жуықтады
Қазақстанда қаңтар оқиғасына байланысты қозғалған істер 700-ге жуықтады. Бас прокурордың аға көмекшісі Азамат Серғазин сейсенбі күнгі брифинг кезінде 695 іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатқанын хабарлады.
«Ауыр және аса ауыр қылмыс бойынша 695 іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған: 44-і – терроризм, 15-і – адам өлтіру, 6-сы үгіт-насихат және билікті басып алуға шақыру фактісі. Күдікті ретінде 780 адам ұсталған, 695-ін қамауға сот санкция берген» деді Серғазин.
Бұған дейін Бас прокуратура 546 іс бойынша тергеу жүріп жатқанын айтқан. Ведомство «негізсіз ұсталған» 100 адамның босатылғанын айтқан.
Ведомство мәліметінше, қаңтар оқиғасына байланысты елде 8 354 әкімшілік іс қаралған: 3 337 адамға ескерту берілген, 1653 іс бойынша айыппұл салынған, 1002 адам қамалған. Олардың жазасын жұмсарту бойынша 1758 апелляциялық шағым түсірілген. 676 адам қамаудан босатылған.
Құқық қорғаушылардың айтуынша, қаза болған немесе із-түзсіз жоғалған немесе ұсталғандар арасында қылмысқа қатысы жоқ бейбіт азаматтар бар. Жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар билікті бейбіт шеруге ғана қатысқан, пікірін айту құқығын жүзеге асырғысы келген азаматтарды қудаламауға, оларды дереу босатуға шақырған.
newstaraz.kz