Қазақстанда жарты миллионнан астам адамға коронавирусқа қарсы вакцина салынды
Қазақстанда 505,5 мың адам «Спутник V» екпесінің бірінші дозасын алды. Бұл халықтың 2,6 пайызына тең. Вакцинаның екі дозасы 108 мың адамға (0,8 пайыз) егілген. Бұл туралы бейсенбі күні денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Өткен тәулікте елде 70 мыңнан астам адамға коронавирусқа қарсы вакцина салынған. Бұл вакциналау басталғалы бері тіркелген ең жоғары көрсеткіш.
Алматыда вакцина алғандар 100 мыңнан асқан. Елдегі ең ірі қалада вакцинаның бірінші дозасы 107 мыңнан (қала халқының 5,4 пайызы) астам адамға салынған. Вакцина алғандар саны жөнінен екінші орында Алматы облысы тұр. Мұнда 59 мыңнан астам адамға салынған.
Елде вакциналау науқаны 1 ақпанда басталған. Бірінші кезекте екпе дәрігерлерге салынды. Жақында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев екпе науқаны сылбыр жүріп жатыр деп, денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың жұмысын сынға алған. Жұрт арасында вакцинаның қауіпсіздігіне сенбейтіндер көп, кей сарапшы вакцина науқаны жайлы халыққа дұрыс ақпарат берілмейді деп санайды.
Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда коронавирус пневмониясын қосқанда 330 мыңнан астам адамнан Covid анықталған. 4 мыңнан астам адам қайтыс болған. Қазақстан Орталық Азияда науқастар мен коронавируспен байланысты адам өлімі көрсеткіші бойынша бірінші орында тұр.
newstaraz.kz