Қырғыз-тәжік шекарасында бір тәулікте екі мәрте оқ атылды
23 желтоқсанға қараған түні тәжік-қырғыз шекарасының тағы бір учаскісінде қару даусы естілді. Қару қолданылған бірінші оқиға Исфара қаласы Чоркух жамоатының Сомониён ауылында тіркелсе, екінші оқиға Қырғызстанның Баткен облысы Лейлек ауданы мен Тәжікстанның Бобожон Гафуров ауданы шекарасында болды.
23 желтоқсанға қараған түні Баткен ауданы Кок-Таш ауылының қырғыз-тәжік шекарасына жақын маңда аңшы мылтығымен оқ атылды. Бұл туралы Азаттық радиосы қырғыз қызметіне Баткен ауданының әкімі Учкунбек Жоробаев хабарлады. Оның айтуынша, екі елдің құқық қорғау органдары оқиғаны тексеріп жатыр.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, оқтан ешкім зардап шекпеген, бірақ екі республиканың күш құрылымдары оқтың нақты қай ел аумағында атылғанын анықтауға кірісті.
Учкунбек Жоробаев шекарада жағдай тыныш екенін, милиция бақылауға алғанын мәлімдеді. Қырғызстан ҰҚМК Шекара қызметі де қырғыз-тәжік шекарасындағы жағдайды тұрақты деп сипаттады.
Еске салайық, 22 желтоқсанда күндіз Баткен облысы Лейлек ауданында Мақсат-Жаштык күре жолында тәжік шекарашылары КамАЗ-ға оқ атты. Қырғызстан азаматы басқарған автокөліктің терезесіне оқ тиіп, жүргізуші әйнектердің сынығынан болмашы жарақат алған.
Тәжікстан билігі шекарадағы екі оқиғаға қатысты ресми мәлімет таратпады. Қырғыз жағы екінші оқиғаның болғанын ғана растады, бірақ қосымша мәлімет бермеді.
Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасы 970 шақырымға созылып жатыр, соның 519 шақырымының ғана мәртебесі анықталған. Шекарадағы даулы жерлерде үнемі жанжал болып тұрады.
newstaraz.kz