«Қызық мәлімет» — cауда министрлігі өкілінің дрон реэкспортына қатысты жауабы
Қазақстан сауда министрлігінің өкілі 22 мамырдағы брифингте қазақстандық компаниялар халықаралық санкцияны бұзып, Ресейге дрон мен электронды бөлшектер жеткізген деген ақпаратты «қызық мәлімет» деп атады.
«Біз кәсіпорындардың бәріне не экспорттап, өнімді қайдан алғанына қатысты сараптама жүргіземіз. Сіз қызық мәлімет келтірдіңіз, бірақ оны қаржы министрлігіне жолдау керек, өйткені өнім экспорттау немесе импорттаумен айналысатын кәсіпорындарды осы мемлекеттік орган тіркейді. Бізде мәлімет жоқ», деп мәлімдеді сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев.
Халықаралық зерттеушілер тобы жариялаған зерттеуде Қазақстан арқылы Ресейге санкцияға ілінген тауар тасымалдап жүрген «Аспан арба» компаниясы аталған. 2022 жылы сәуірде Алматыда тіркелген компания өзін дрон шығарумен айналысатын DJI компаниясының Қазақстандағы ресми өкілі деп таныстырады. Директоры – Михаил Сапожников.
Сауда министрлігінің өкілі аталған компанияға қатысты «мәлімет білмейтінін» айтты. «Мен сізге оны қаржы министрлігі, инфрақұрылымды дамыту министрлігімен бірге тексеруге кеңес беремін», дейді спикер Азаттық тілшісіне.
Алайда қаржы министрлігінің баспасөз қызметі бұл мәселеге сауда министрлігі жауап береді деп отыр.
Зерттеушілердің дерегінше, былтыр аталған фирма DJI компаниясының 500-ге жуық дронын Ресейге сатқан. Қытайлық DJI компаниясы Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін былтыр көктемде Мәскеуге тауар сатуды тоқтатқан.
Зерттеушілер анықтаған деректерге қарағанда, «Аспан арба» компаниясы Қазақстанға жалпы құны 45 миллион доллар болатын 18 мың дрон жеткізуге лицензия алған. Фирма дрондарды DJI-дың Нидерландта орналасқан еншілес компаниясы DJI Europe-тан сатып алады.
Компания Еуропадан сатып алып, Қазақстанда тіркеткен қытайлық дрондардың бір бөлігін Ресейдегі «Небесная механика» компаниясына сатып үлгерген. «Аспан арба» компаниясының иегері Сапожников бұрын Илья Голбергпен бірге «Небесная механика» компаниясын басқарған.
Зерттеушілердің дерегінше, Ресей «Небесная механика» дрондарын краудфандинг науқанынан жиналған ақшаға Украинадағы соғыста қолдану үшін сатып алады.
«Ресейлік әскерилер арасында [DJI дрондары] танымал болғаны соншалық, бір серияның атауы жалқы есімге айналып кетті: қазір дрондардың бәрін “мавик” деп атайды (Mavic DJI дрондарының танымал моделі – ред.)» делінген зерттеуде.
newstaraz.kz