Бердібек Сапарбаев әрбір жаңа үйден жетімдерге баспана беруді тапсырды
Бердібек Сапарбаев. Фото әлеуметтік желіден алынды
Бұл туралы Бердібек Сапарбаев өңірдегі ірі құрылыс компаниялары басшыларымен кездесуінде айтты.
«Жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған балалардың басты проблемасы – оларды баспанамен қамтамасыз ету. Олар оқу оқып, білім алады да, аяғында далада қалады. Олар үшін жасөспірімдер үйі жұмыс істеп жатыр, жуырда әлеуметтік үй ашылды, бірақ ондағы орын саны шектеулі. Жыл сайын мемлкеттік тұрғын үй қорынан 40-50 пәтер беріледі, бірақ баспанаға мұқтаждар саны одан да көп», — деді ол.
Сондықтан, әкімнің пайымынша, жеке қаражатқа немесе мемлекетттік бағдарлама аясында салынған әрбір үйден жетім балалар үшін пәтерлер алып қою қажет.
«Жақында маған Ырғыз ауданындағы шаруа қожалығының басшысы Ибрагим Сәрсенбаев келіп, аудандағы 6 жетім баланы баспанамен және жұмыспен қамтуға дайын екендігін жеткізді. Бұл дұрыс шешім. Егер біз оларға көмектессек, олардың болашақтарының жарқын болуына ықпал етеміз», — деді Бердібек Сапарбаев.
Кәсіпкерлер облыс әкімінің бастамасын бір ауыздан қолдады.
newstaraz.kz