АҚШ мемлекеттік департаменті: Түркия Ресейдің зымыранды-зенитті кешендерін пайдаланудан бас тартуы тиіс
АҚШ мемлекеттік департаментінің пікірінше, Түркияның Ресейден зымыранды-зенитті кешендер сатып алуы НАТО технологиясына қауіп төндіреді. АҚШ мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Нед Прайс осылай деп мәлімдеді.
«Ресейдің С-400 жүйесі НАТО қолданатын құралдармен үйлеспейді. Олар НАТО технологиясына қауіп төндіреді. Түркияның НАТО-ға мүше болып кіргенде берген уәделеріне де қайшы келеді», – деп мәлімдеді Прайс.
Оның айтуынша, АҚШ әлі де болса Анкараны Ресейдің жүйелерін пайдаланудан бас тартуға шақырып отыр, өйткені Түркия Құрама Штаттардың НАТО блогындағы маңызды одақтасы. Сол себепті Түркия билігі де С-400 кешенін пайдалану НАТО құрамында болуға қайшы келетінін мойындауы тиіс.
«Президент Байден түрік әріптестерін НАТО-ның жақында өтетін саммитінде кездестіреді», – деді Нед Прайс.
АҚШ президенті Джо Байден сәрсенбі күні Еуропаға сапарлап шықты.
newstaraz.kz