АҚШ Конгресі қорғаныс бюджетінің 848 млрд доллар болатынына келісті
АҚШ Конгресінің сенаты Құрама Штаттардың 2023 жылғы қорғаныс бюджеті қанша болатынын анықтады. Бұның алдында жобаны Өкілдер палатасы қарап шыққан. Қорғаныс бюджеті $847,3 млрд болады. Соның ішінде 800 млн доллар Украинаға әскери көмек ретінде аударылады.
Бұл — АҚШ тарихындағы ең көп қорғаныс бюджеті. Енді конгрессмендер мен сенаторлар құжатты дауысқа салады, одан соң заңға президент Джо Байден қол қояды.
«Украина мен НАТО-ға көмек артады. 2023 жылы Украина қорғанысына қосымша 800 млн доллар бөлінеді», — деп жазылған бюджет жобасында.
Ресейді Еуропада «тежеуге» 6 млрд доллар бөлінеді. Мәскеумен әскери әріптестік орнатуға тыйым тағы бес жылға ұзарады. Бұған қоса АҚШ Ресейді халықаралық ұйымдардан, соның ішінде G20-дан шығаруға күш салады.
2021 жылы АҚШ қорғаныс бюджеті 740,5 млрд доллар (елдің Ішкі жалпы өнімінің шамамен 3,5 пайызы) болған. 4 млрд доллар Ресейді Еуропадаға тежеуге, Украинаны қолдауға аударылған.
newstaraz.kz