АҚШ мемлекеттік хатшысы Қзақстан мен Өзбекстанға келеді
АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен 28 ақпан — 3 наурыз аралығында Қазақстан, Өзбекстан және Үндістанға ресми сапармен барады деп хабарлады АҚШ мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы.
28 ақпанда АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Қазақстанға келеді. «Бұл – оның Қазақстанға алғашқы сапары» деп хабарлады 24 ақпанда Қазақстан сыртқы істер министрлігі.
Ведомствоның хабарлауынша, Астанада АҚШ мемлекеттік хатшысын президент Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдайды. Мемлекеттік хатшы Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен екіжақты келіссөз жүргізеді. Сол күні Астанада Блинкен мен Орталық Азия елдерінің сыртқы саясат мекемелері басшылары қатысатын С5+1 форматындағы кездесу өтеді. Онда өңірлік ынтымақтастық және АҚШ-пен серіктестікті дамыту мәселелері талқыланады.
АҚШ мемлекеттік департаментінің хабарлауынша, Блинкен 28 ақпан және 3 наурыз аралығында Қазақстанмен қатар Өзбекстан мен Үндістанға да сапарлайды. Ол Астанада қазақстандық ресми тұлғалармен кездесіп, екіжақты әріптестікті нығайту мәселелерін талқылайды.
C5+1 форматындағы кездесуге қатысып, АҚШ-тың Орталық Азия елдерінің тәуелсіздігі, егемендігі мен аумақтық тұтастығын қолдаудан айнымайтынын жеткізбек.
С5+1 – Орталық Азиядағы бес ел (Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркіменстан) және АҚШ арасындағы қарым-қатынастың форматы. Бұл формат аясында алты ел экономика, экология және қауіпсіздік жөніндегі мәселелерді талқылайды.
newstaraz.kz