Ақтауда полиция қызметкерін өлтірді деген күдікпен бір азамат ұсталды
3 тамызға қараған түні Ақтау қаласындағы 17-ықшам ауданда полиция қызметкерін пышақтап кетті. Ол ауруханада жан тапсырды, деп хабарлады «Лада» жаңалықтар сайты.
Маңғыстау облысы полиция департаментінің мәлімдеуінше, түнгі сағат 3:50-де 17-шағын аудандағы үйдің ауласында пышақталған 26 жастағы жас жігітті жедел жәрдем көлігі Маңғыстау облысының ауруханасына жеткізгені туралы мәлімет түсті. «Ол жансақтау бөлімінде есін жимастан жан тапсырды», делінген полиция мәліметінде.
Марқұмның полиция қызметкері болғаны анықталды. Мәліметтерге қарағанда, бұл уақытта ол демалыста жүрген.
Полиция дерегінше, шұғыл іздестіру барысында 27 жастағы күдікті ұсталды, қасақана кісі өлтіру қылмысын тергеу басталды. Полиция кісі өлтіру мотиві туралы ештеңе хабарламады.
newstaraz.kz