Ақмоладағы атысқа қатысы бар «Мыс орда» фирмасының 2500 қызметкері кезінде министрлікке шағым түсірген
Фото: Qamshy.kz.
Ақмола облысы Бестөбе кентіндегі қақтығысқа қатысты «Мыс орда» күзет агенттігінің 2500 жұмысшысы 2012 жылы елдің сол кездегі Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденовке хат жазып, шағым түсірген деп жазады Qamshy.kz.
Күзет агенттігі қызметкерлерінің атынан жазылған хатта фирма басшылығы негізінен этникалық кәрістерден жинақталғанын, ұжымда басқа ұлт өкілдерін кемсіту әрекеттерінің барын айта келіп, басқа да заң бұзушылықтар сөз етіледі.
«Біздің кәсіпорын «Қазақмыс» копрорациясы» ЖШС-ға (бұдан әрі — корпорация) күзет қызметін ұсынады. Бізден басқа корпорацияға «Қорғау-қызметі» ЖШС да қорғау қызметін ұсынып келеді. Осы жерде аталған күзет мекемелеріндегі жағдай мен қызметкерлерге қатысты ұстаным бірдей еместігін айту керек. Аталған жағдайда, «Мыс орда» ЖШС тек қана оның жалғыз және ешқашан ауыспайтын жетекшісі (бей ресми әрине) Огай Юрий Васильевич үшін құрылғанын атап өту керек. Аталған басшы өз ыңғайына құрылған кәсіпорынды тек баю мақсатында пайдаланып отыр», — деп жазады хат авторлары.
Іскер, табысты азаматтардың болғанына, байығанына еш қарсы емеспіз деген жұмысшылар аталған мекемеде «Қазақмыс» копрорациясының мүлкін тонаудың белгілі-бір сызбасы жасалғанын айтады.
«Біз бай, табысты адамдарға еш қарсы емеспіз, олар елімізде көп болсын, алайда, олар Огай басшылыққа алған және тәжірибеде тұрақты қолданатын әдістермен байымауы керек қой. Огай корпорация мүлкі мен құнды заттарын ұрлаудың түрлі схемаларын ұйымдастырды. Өзінің заңсыз әрекеттеріне тосқауыл болдырмау үшін Огай өндіріс алаңдарындағы бөлініс басшылары ретінде өзіне жақын адамдарды тағайындады. Мысалы, «Мыс орда» ЖШС Балқаш филиалының директоры – Кан Андрей Николаевич, «Мыс орда» ЖШС Қарағанды алаңы бойынша күзет бастығы – Хон Евгений Инокентьевич, бейресми куратор ретінде Огай Сергей Львовичтің аты аталады. «Мыс орда» ЖШС күзет фирмасы төрт жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде көптеген білікті қызметкерлер себепсіз және тиісті төлемдерсіз жұмыстан шығарылды. Тек соңғы төрт айда 500-ден астам адам жұмыстан шығарылды», — делінген хатта.
Күзет агенттігінің қызметкерлері сондай-ақ, фирмада қызметтік киімнің сапасыздығы, оның ақшасы жалақыдан ұсталатыны, ешқандай сыйақы берілмейтіні, еңбек заңнамаларының сақталмайтыны, тіпті, жұмысқа тұру туралы өтініш берілгенде өз еркімен жұмыстан босату туралы да өтініш қоса алынатынын жазады.
Хат авторлары компаниядағы басшылық қызмет атқаратын бірнеше адамның жеке тұлғалық қасиеттеріне, теріс қылықтарына тоқталып, кейбірінің қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны, сол кезде өтелмеген қылмыстық жазалары барын да айтқан.
Ең қызығы Серік Әбденовтен көмек сұраған хат авторлары аталған фирманың президенттің Қарағанды қаласындағы екі бірдей резиденциясын күзететінін айтады.
Бірқатар заң бұзушылықтарды атаған хатқа министрлік жауап қатқан. Ол жауапта мұндай арыз-шағымдар анонимді түрде келген болса қаралмайтыны айтылып, хат авторларына Қарағанды облысы бойынша әлеуметтік қорғау және бақылау департаментіне жазбаша түрде өтініш жазуға кеңес берілген.
Жұмысшылардың жан айқайы жетер құлаққа жетіп, ұжымдағы күрделі жағдай шешім тапты ма, таппады ма ол жағы белгісіз. Кешегі оқиға күзет фирмасындағы тәртіптің тиісті деңгейге келтірілмегенін көрсетеді. Ашық дерек көздерінен аталған компанияның қызметіне қатысты мәлімет табу қиын. Бір байқағанымыз — ғаламторда «Мыс ордаға» жұмысқа шақырған құлақтандырудың көптігі.
Естеріңізге салсақ, Ақмола облысы Бестөбе кентінде 16 маусым күні аталған күзет фирмасының қызметкерлері мен «Қазақалтын» АҚ-ы жұмысшылары арасында қақтығыс болып, оқ атылғаны, он адамның жарақат алғаны туралы жазған болатынбыз.
Осы қақтығыс түсірілген видео сенбі күні әлеуметтік желілерде жаппай тарады. Облыстық ІІД, прокуратура, еңбек инспекциясы аталған оқиға бойынша «Бұзақылық» бабымен іс қозғалғаны, мәселенің мән-жайы тексеріліп жатқанын хабарлады.
newstaraz.kz