Ақтөбе имамдары ас беру кезінде жайылатын аста-төк дастарханға тыйым салмақшы
Фото: Mamaclub.kz
Өйткені жаназадан соң жайнатып, ас та төк дастархан жасау имамдардың көңіліне қонбайды. Айтуларынша, садақаның өзіне тән дастархан мәзірі болуы керек.
«Бұл бірінші ысырапшылдыққа жол бермеу және екінші мәселе өзінде жоқ бола тұра, қарыз алып, қауғаланып бұл діни рәсімді атқаруға міндетті емес екендігін түсіндіру. Әркім өзінің көрпесіне қарай көсілуін көрсету. Бұл жалпы ұсыныс деңгейінде. Біз енді әрине ешкімнің табағын, ешкімнің дастарханын билей алмаймыз. Тек енді жалпы осы шара бұл діни рәсім екендігін, мұнда ас та төк ысырапшылдыққа бармау керек екендігін елге жеткізу үшін, насихаттау үшін атқарылып жатқан шара», — дейді Ақтөбе облысың бас имамы Төлеби Оспанов.
Қазір осы ас мәзірі бойынша облыс көлемінде сауалнама жүргізіліп жатыр. Соның нәтижесінде дастарханға қойылатын немесе қойылмайтын тағам түрлері анықталуда.
Ақтөбеліктердің басым көпшілігі садақаларда берілетін тамақ мәзіріне қазақтың ұлттық тағамдары: ет, бауырсақ, шелпек, сары май, қаймақ, тары-талқан, құрт қосылса деген екен. Ал керісінше шұжық, тауық еті, жеміс — жидек, тәттілер садақаның дастарханына артық деп есептейді.
«Адам тауысып жеп кететіндей істеу керек. Рәсуа қылмай. Ол обал. Пакет беріп талан — таражға салады. Ол да дұрыс емес. Қысқасы жеміс — жидектерден кішкене қоюға болады. Ал мына тортты, колбаса, балық, қуырдақ қойып жатады. Сондайлар артық», — дейді тұрғын Қалдыбай Баймырзаұлы.
«Қазір қазақта бәсеке ғой. Бірінен бірі қалмауы керек. Бірақ енді садақа болған соң той қылып жасаудың керегі жоқ сияқты. Бауырсақ, сары май, сол қазақтың жент, тары сондайларды қою керек сияқты менімше», — дейді Тұрғын мәншүк Қарабасова.
Имамдардың бұл бекітетін ас мәзірі халыққа тек ұсыныс ретінде таратылады деп отыр. Ал облыстағы барлық мешіттердегі асханаларда алдағы уақытта осы бекіткен талап бойынша ғана дастархан жайылатын болады.
newstaraz.kz