Ақтөбеде екі баланың анасы республиканы халифатқа ауыстыруға үндеген
Ақтөбеде республиканы халифатқа ауыстыруға үндеген екі баланың анасы сот алдында жауапқа тартылды деп хабарлайды NUR.KZ порталы timeskz.kz сайтына сілтеме жасап.
Кенқияқ ауылының тұрғыны интернеттен «Мұсылман бауырлар қауымдастығының» үгіттеулерін тыңдаумен болған.
33 жастағы Айнұр Құртбаева көзіне жас алып, кешірім беруін өтінгенімен, сот оны дін араздығын тудырып, терроризмді насихаттағаны үшін кінәлі деп тапқан.
2,5 сағатқа созылған сот отырысында айыптаушы тарап әйелдің бір жыл бойы теріс ағымды насихаттап, кәпірлерге және танғұттарға, яғни «билік өкілдеріне» қарсы шығуға шақырғанын алға тартты. Әйел ауыл тұрғындарын қолға қылыш алып, оларға қарсылық көрсетуге үндеген.
Айнұр сөздеріне сеніп қалған екі бойжеткенді өзінің оқушылары етіп, оларға Құранды бұрмалап түсіндірген. Сотта әйел өз кінәсін мойындап, Алла үшін кешірім беруін өтінеді.
«Алла үшін және балаларым үшін мені кешіріңіздерші, менің жауым — өз тілім. Сол үшін түрмеге отырғым келмейді», — деп жылап жіберді ол.
Сот төрешісі Ерлан Бақытжан әйелге 5 жыл бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілеу жазасын кесті.
Белгілі болғандай, Айнұрдың күйеуі қарақшылық үшін түрмеде отыр, ал мамасы терроризмді насихаттағаны үшін тергеу оқшаулағышына қамалған.
Айнұрдың 7 жасар және 9 айлық екі баласы енді енесінің қарауына тапсырылады.