Ақтөбеде екі рет үйленген ер адамды екі әйелі де сотқа беріп, есін шығарды
Көрнекі фото: Nnm.me
Ақтөбеде екі рет үйленген адамды екі әйелі де сотқа берді деп хабарлайды Aktobenews.kz.
Ақтөбе қаласының тұрғыны Амангелді Әлімбаев екі рет отбасын құрған. Дәм-тұзы жараспай екі келіншекпен де ажырасқан. Екеуінен үш баласы бар. Бірінші әйелі Ақтауда, екіншісі Астана қаласында тұрады. Олар балаларына алимент өндіру үшін сотқа арыз жазған. Амангелді Әлімбаевтың бережағы 1 миллион теңгеден асып кеткен.
«Әлімбаев екі әйеліне 1 миллион теңге бережақ. Екі өндіріп алушы бар. Ер адам еш жерде жұмыс істемейді. Баласына алимент өндіру үшін сотқа түскен шағымдар көп. Жыл басынан бері мемлекеттік сот орындаушыларына алимент өндіру бойынша 10 мың іс түсті. 4 мың шағым бойынша іс аяқталған», — дейді аға сот орындаушысы Рыскүл Өмірзақова.
Ер адамның өзі сот орындаушыларға жұмыссыз жүргендіктен балаларына алимент төлей алмайтынын айтқан. Сот орындаушылары «көкек-әкенің» дүниесін тәркілеуге барғанда оның атында ештеңе жоқтығын анықтаған. Үш баланың әкесі тұрып жатқан үш бөлмелі үй анасының атында.
Сот орындаушылары бережақты өндіру үшін ескі теледидарды алып кеткен. Ал үш баланың әкесі еш жерден жұмыс таба алмай отырғанын айтады. Мамандығы мұнайшы екен.
newstaraz.kz