Ақтөбеде келіншегінің құлағы ұнамай қалған жігіт оған бірден «талақ» айтқан
Ақтөбеде «Нұрдәулет» мешітінің бас имамынан көмек сұрап келген мұсылман қыз басқаларға сабақ болуы үшін өзінің тағдырын айтып жүруді өтінді.
Бұл туралы NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
«Бір қарындасым келіп көмек сұрады. Өзінің жағдайын айтты. Өзін «сәләфи» деп атайтын жігітпен неке қиған. Некені қияр-қимастан үйіне барып орамалын шешкен қызға: «Сенің құлағың ұнамай қалды, сені талақ қыламын» деген. Қыз бала «Сен мені некелеп алдың емес пе?» деп бұл жағдайға көніп жүре берген. Негізі, ол жігітке тұрмысқа шығуға қыздың ата-анасы қарсы болған екен. Не керек ақыры талақ қылып, ажырасады. Қыздың айтуынша, оны сыртқа ертіп шыққан кезде «Менің артымда жүр!» деп бұйыратын болған. Басын көтеріп жан-жағына қараса: «Сен неге өткен адамдарға қарап жатсың? Сен қарамауың керек. Мен қарауым керек. Маған төрт әйел алуға рұқсат бар. Саған рұқсат жоқ», — деп ұрысатын болған. Төртеу түгілі біреуге әділ бола алмай жатыр. Сондықтан асыра сілтейтіндер адамдар бар»,- дейді Ақтөбедегі «Нұрдәулет» мешітінің бас имамы Нұрболат Әмен.
Имам жігіттің өзімен кездесуге бірнеше де талпынғанмен, ол адам мешітке келуден бас тартқан.
«Алла разы болсын, ол қыз бала ақылды екен. Екінші рет келіп өзінің басынан өткен жағдайды өзгелерге айтуымды сұрады «Мен әдейі келдім, осы менің көргенімді басқа қыздар көрмей-ақ қойсын, сіз айтыңызшы, осындайлар бар екенін білсінші», — деп кетті. Мешітке келген студент қыздарға ата-аналарының ақылын тыңдау керектігін айтып, осы мысалды қолданамын. Ол қыз бала енді ата-анам мені қайтадан қабылдамайды деп жылап, көмек сұрады. Оған «Аңсар» тобы арқылы жәрдем бердік. Осындай қыздар көп болмаса да бірең-саран келіп тұрады. Қыз анамның айтқаны дұрыс екен деп кейін өкінді. Ол жігіт базарда сауда жасайды. Имамдармен ақылдасайық дегенде, «имамдардан ақыл сұрамаймыз» деп көнбеген. Біз хабарласып шақырған кезде де келген жоқ»,- дейді имам.
Имам адасқан жастардың бағыты әртүрлі болғанымен, сусындайтын жерінің бір екенін айтады.
«Кешегі Рамазан айының алдында атысқан жігіттердің көпшілігі мешітке көп бармайтындар. Олар оны дұрыс санамайды. Ислам діні адам баласына зиян келтіру былай тұрсын, жәндікке зиян келтірмеуге тәрбилейді. Мешітте әртүрлі жамағат болады. Көзқарасы дәстүрлі дінімізді ұстанбайтын және өздерін байсалды топ деп атайтын жамағат бар. Олардың барлығының оқитын кітаптары мен тыңдайтын шейхтары, сусындайтын жерлері бір. Дамулары бөлек», — дейді «Нұрдәулет» мешітінің бас имамы.
Ақтөбедегі терактіден кейін де сәләфиттердің ешқайсысы адасқанын мойындап, мешітке келмеген.
«Ханафиді тыңдайын, қателесіп жүр екенмін деп келіп жатқандары әзірге жоқ. Имамдар артыққа бара алмайды. Жай айтады, қатты айтады. Олар біздің заңымыздың солқылдақ екенін сезінеді. Сондықтан заң шығару арқылы айналыссақ, мүмкін бұлардан кейінгі олардың жолына еретін жастарды алып қалуға болады деп ойлаймын »,- дейді Ақтөбедегі «Нұрдәулет» мешітінің бас имамы Нұрболат Әмен.
newstaraz.kz