Ақтөбеде марқұмдардың туыстары жақындарының содырлар қолынан қалай қаза болғанын айтты
Михаил Матросовтың жесірі Светлана Дорофеева
Ақтөбеде лаңкестік оқиға кезінде қаза тапқан ақтөбеліктер 8 маусымда жерленетін болды. Бірақ олардың сүйектері туыстарына әзірге берілмепті.
Тек әскерилердің мәйіттері ғана туған жерлеріне жөнелтілген деп хабарлайды КТК арнасы.
Қару сататын дүкенге шабуыл кезінде сатушы мен күзетшіден өзге, қармақ алуға келген тұрғын да қаза тапты. Сондай-ақ, содырлар жолай көлігінде отырған зейнеткерді де атып кеткен.
Ақтөбеде лаңкестік оқиға кезінде 44 жастағы Андрей Максименко ең бірінші боп оққа ұшқан. Қару-жарақ дүкенінде сатушы болып істейтін оны жүрегінен атыпты. Жанында болған өзге екі әріптесін қаскөйлер ұрып жыққан. Марқұмның жесірі дүкенде қауіпті заттар сатылатынына қарамастан күзеттің мүлдем болмағанын айтады.
«Дүкенде күзет деген болған жоқ. Тек дабыл қоңырауы істеп тұрған. Кассир қыз әйтеуір соны басып үлгеріпті. Күйеуім ол дүкенде 5 жыл жұмыс істеді», — деді Андрей Максименконың жесірі Светлана Абдуллина.
Қара жамылған 35 жастағы Михаил Матросовтың отбасы болған оқиғаға әлі сене алмай отыр. Жексенбі күні марқұм інісімен бірге балық аулауға кетіп, жолай қармақ алу үшін қару сататын дүкенге соққан екен. Сол кезде қақтығыстың дәл ортасында қалыпты.
«Миша дүкенге кірген бойда артынан содырлар кірген. Оны пышақтап, соңында атып кетеді. Ал оны көлікте күтіп отырған інісіне де оқ тиіп, қазір ауруханада жатыр», — дейді Михаил Матросовтың жесірі Светлана Дорофеева.
Ал Галина Онищенко өз күйеуін қаскөйлердің қалай өлтіргенін өз көзімен көрген. Зейнеткер Николай Онищенко үйінің жанында көлігінде отырған екен. Дүкеннен қашып шыққан топ оны жұлқылап сыртқа сүйрелепті.
«Мен сол кезде балконнан қарап тұрған едім. Бір топ адам жүгіріп келіп, күйеуімнің көлігіне жармасты. Айдап кетпек болғанда жұбайым қарсылық көрсетті. Сол кезде оны атып өлтірді», — дейді Николай Онищенконың жесірі Галина Онищенко.
Содырлардың қолынан сондай-ақ дүкенге дабыл қоңырауы бойынша жеткен күзет қызметкері Мерхан Тәжібаев та қаза тапты.
Лаңкестік оқиға кезінде қаза тапқан ақтөбеліктер 8 масуым күні жереленеді. Қоштасу рәсімі дәл қару сататын дүкен жанында ұйымдастырылмақшы.
newstaraz.kz