Ақтөбелік дәрігер ауруханада адам өлімін қалай жасыратынын айтып берді
Ануар Қойшыбаев. Фото: NUR.KZ
Ақтөбеде дәрігерлердің кесірінен қаза тапқан келіншектің өлімі туралы осыған дейін NUR.KZ порталына жарияланған еді. Қоғамда адам өміріне немқұрайлы қарайтын дәрігерлердің қылығы қызу талқыға түсті.
Оқиғаны облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың өзі бақылауға алып, адам өмірін ойыншық қылған дәрігердің қызметінен қуылатынын айтты.
Бір жасар бүлдіршіні жетім қалған Жанар Қартбаеваның өліміне қатысты Ақтөбеде ол қаралып кеткен бес аурухананың бірнеше дәрігері ескертулер мен қатаң сөгіс алды. Жауапты қызметкерлер «Оқиғадан хабарсызбын, сайттан оқыдым. Дәрігерлер айтпады» деп ат тонын ала қашып отыр.
Ал жауапты саналып, сөгіс алған дәрігер-хирург облыстық аурухана бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасарының бейәдеп қылықтары мен адам өлімімен аяқталған оқиғада науқас тарихын жоқ қылып жібергенін айтып берді.
«2 қаңтар күні мен кезекші дәрігер болдым. Жұқпалы аурулар ауруханасынан тексеріп беріңдер деп жіберілген науқасты қабылдадық. Диагнозын анықтау үшін тоғыз дәрігер толық тексеру жасады. Бізге жіберілгенде соқыршек делінген. Жұқпалы аурулар ауруханасынан түскесін қабылдау бөлімінде көп ұстай алмай, жансақтау бөліміне көтердік. Науқасқа ауру тарихын аштық, система қойдық. Сол күні жансақтау бөлімінің меңгерушісі өзі кезекшілікте болды. Ота жасаймыз деп ойладық», — дейді дәрігер-хирург Ануар Қойшыбаев.
Тексерудің қалай болғанын тәптіштеп айтып берген дәрігер басшылардың науқасты ауруханада ұстамау туралы бұйрығынан кейін хал үстінде жатқан адамды келген жеріне қайта жібергендерін айтты.
«Басқа ауруханадан диагнозы белгісіз адам келіп жатқасын, бас дәрігердің хирургиялық көмек бойынша орынбасары Батыр Оразалинге хабарластым. Ол кісі «Соқыршек белгісін жоққа шығарып, қайтадан келген ауруханасына жіберіңдер» деді. Ауру тарихын не істеуімді сұрағанда «жойып жіберіңдер» деді. Біз бұл ауруханаға келгелі осындайды үйрендік. Түскен науқас шығып кетсе немесе басқа жаққа жіберілсе ауру тарихын алып тастап, жоқ қылып жібереді. Оны жасайтын біз емес, әкімшілік қызметкерлер», — дейді дәрігер-хирург.
Дәрігер демалыс күні ауруханада кезекшілікте болған тоғыз дәрігердің науқасқа жасаған тексерулері жазылған ауру тарихының жойылып кеткенін айтады.
«Емдеу ісі жөніндегі орынбасар айтқандай науқастың тарихы жазылған құжатты қабылдау бөліміне «аннулировать» деп береміз. 21 мамыр күні NUR.KZ порталына арыз түскеннен кейін бәрі қорқып, бізден түсініктеме алды. Емдеу ісі жөніндегі орынбасар Лаура Құсайынова мен медициналық қызметтің сапасын бақылау жөніндегі орынбасар Гүлжан Медеубаева «науқас тарихының ашылғанын және орынбасарға хабарласқаныңды жазба, ертең проблема болады. Сен кафедрада жасайсың саған ештеңе болмайды, кезекші дәрігерсің алаңдайтын ештеңе жоқ» деп өздерінің айтқанындай жазуымды талап етті», — дейді Ануар Қойшыбаев.
Бас дәрігердің орынбасарынан оңбай таяқ жеген дәрігер дәлелдеме құжаттарын да жинап қойған.
«Жоғарыдағыдай түсініктемені жазғызып алып, мені кінәлі етіп отыр. «Ауруханаға жатқызған жоқ, емдеу жасаған жоқ, науқастың халін бағаламағаны үшін» деп маған 21 қаңтарда қатаң сөгіс берген. Бұл туралы 14 наурыз күні естідім. Сол күні маған екі ай бұрын жасалған хаттамаға қол қоюымды сұрады. Олар маған ешкімге хабарласқан жоқсың деп жеңістік бермеген соң, байланыс орталығына барып, шығыс қоңырауларымды қағазға шығартып алдым. Науқасты әкелген кезде орынбасармен бірнеше рет сөйлескенім шығып тұр. Компьютерге түсірген қағазым да сақталған. Олар мен ашқан ауру тарихын жоғалтып жіберді, құжаттардың бәрін реттеп қойды. Олар науқасқа ауру тарихы ашылмай, таңғы оннан кешкі онға дейін ауруханада бос жатты деп отыр»,- дейді дәрігер басшыларының келеңсіз жағдайларды қалай тазартатынын түсіндіріп.
«Бұл жағдайдың бәріне бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Лаура Құсайынова жауапты. Ол кісіден аурухананың қызметкерлері қорқады. Ер адам ретінде ол кісінің үстінен әңгіме айтқым келмейді. Бірақ ол кісінің қызметкерлерді балағаттап жіберетіні де бар. Адамдар жұмыстан шығып қаламын деп қорқады. Ауру себебін анықтай алмады деген мүмкін емес. Үш хирург, жансақтау бөлімінің меңгерушісі, реаниматолог, терапавт, кардиолог, гинеколог, УЗИ жасаған дәрігер болды. Науқас 30 желтоқсанда келгенде оны жұқпалы аурулар ауруханасына қайта жіберген. Ол күні бас дәрігердің орынбасарының өзі кезекшілік етті. Сол кезде талдама қорытындыларында бауырдың талдамалары жоғары. Соны көріп тұрып салмай жіберген», -дейді дәрігер-хирург Ануар Қойшыбаев.
Дәрігер емдеу ісі жөніндегі орынбасар былығының мұнымен шектелмейтінін де айтып қалды.