Ақтауда жалғызбасты ана адам төзгісіз жағдайда вагонда өмір сүріп жатыр (фото)
Ақтауда екі баласы бар жалғызбасты ана адам төзгісіз жағдайда өмір сүріп жатыр.
Бұл туралы Facebook қолданушысы Ерғали Анесов өзінің желідегі парақшасында жазып, халықтан анаға көмек беруін сұрады.
«Ау ағайын! Назарларыңызды бері қаратып мына бір жағдаймен таныс болыңыздар! Облыстық Бекет ата мешітінің наиб имамы Елдар Атибеков деген азамат таңертеңгісін жастармен тазалық жұмыстарын жүргізіп жатқанда «екеуіміз бір жерге барып келейікші деді». Жақсы деп келісіп барсам, осындай жағдайдағы кісіге тап болдым, жүрек бір тоқтап қалғандай болды. Енді мән-жайды айтайын, апамыз екі баласымен осы суретте көрсетілген вагонда тұрады. Күніне 1500 теңгеге таңғы 8.00-ден 16.00-ге дейін жұмыс істейді, оның 400 теңгесі таксиіне кетеді. Екі баласы бар біреуі төртте, біреуі бесте. Балабақшаға бармайды екен. Үйінің іші боран, ыстың иісі аңқып тұр. Не жейтін дұрыс тамағы жоқ, не киетін дұрыс киімдері жоқ. Денем тітіркеніп кетті. Әйтеуір бір күн тек бір тамақ жесем болды деп отырған жалғызбасты ана екен. Анасы таңертең жұмысқа кеткеннен кешке дейін екі баланы сыртынан кілттеп жұмыста болады екен. Сонда таңертеңнен кешке дейін екі бала сол қара боран контейнердің ішінде анасын күтіп отырады. Қандай қиын жағдай? Мүмкіндіктер болса. көмектесейікші ағайын. Мекенжайы: Приморский ықшамауданы, Целинная көшесінің 19 учаскесі, Достар жағажайына қарама-қарсы орналасқан көше», — деп халықты көмекке шақырды қолданушы.