Air Astana Алматы-Минск рейсін бастауды кейінге қалдырды
Қазақстандық Air Astana әуе компаниясы Алматыдан Минскіге тікелей рейсті ұшыруды кейінге қалдырды. Бұл туралы қазақстандық агенттіктер әуе компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
Air Astana рейстің не үшін ұшпайтынын түсіндірмеді. Әуе компаниясы Алматыдан Минскіге алғашқы рейсті 31 мамырда жіберуді жоспарлаған.
«Интерфакс-Қазақстан» агенттігінің хабарлауынша, 24 мамырда индустрия және инфраструктуралық даму министрінің баспасөз хатшысы Мадияр Уақпаев «Қазақстан Беларусь үстімен ұшу мәселесін ведомствоаралық комиссия жиынында қарайды» деген.
Осыған дейін Латвия ұшақтарын Беларусь үстімен ұшырмайтынын мәлімдеген. Бұдан бөлек Еуропа одағы елдерінің лидерлері Ryanair ұшағын Мәскеуге мәжбүрлеп қондырып, журналист Роман Протасевичті ұстағаны үшін Александр Лукашенко әкімшілігіне санкция салуды қарастырмақ.
Украина президенті Владимир Зеленский үкіметке Беларусьпен әуе рейстерін тоқтатуды және бұл елдің төбесімен ұшақ ұшыруға тыйым салуды тапсырды.
23 мамырда Ryanair әуе компаниясының Грекиядан Литваға бара жатқан FR497 рейсі кенеттен бағытын өзгертіп, Минскіге қонуға мәжбүр болды. Беларусь билігі арнайы әскери ұшақ жіберіп, рейсте бомба болуы мүмкін деп Ryanair ұшағын Минскіге бұрған. Борттан бомба табылмады, есесіне Беларусь полициясы ұшақта болған оппозициялық журналист, NEXTA Live телеграм каналының құрушылардың бірі Роман Протасевичті тұтқындады.
Еуропа лидерлері мен АҚШ бұл жайтқа Александр Лукашенконы айыптап, журналисті дереу босатуды талап етті. Протасевич тұратын Литва ұшақты мәжбүрлеп қондыру фактісіне байланысты қылмыстық іс қозғады.
newstaraz.kz