Алматы облысында бөлім басшысы 110 баланы лагерьге жіберу үшін 2,5 млн теңге несие алды
Көрнекті сурет.
«Жаздық лагерге ақылы түрде барғысы келген 110 баланың ата-анасы жинаған қаржы еді бұл. 3 маусым күні ғана барлық баланың ақшасы толықталған соң аудандық білім бөліміндегі темір шкафтың ішіне салып, құлыптап кеткенбіз. Сол түні біреу есікті бұзып ашып алып кеткен. 4 маусым күні полицияға арыз жазғанымызбенен әлі нәтиже жоқ. Тергеу ісі жай жүріп жатыр»,- деді Іле аудандық білім бөлімінің меңгерушісі Арайлым Ақсубаева.
Аудандық бас ұстаздың сөзінше ақшалары қолды болған оқушылардың барлығы лагерге барып демалып келген.
«Ақша ұрланған соң мен Еуразия банкінен несие рәсімдеп, сол қаржыға 110 оқушыны келісім шарт бойынша лагерьге жібердік. Кредитті ай сайын өзім төлеп отырмын. Ұрыны полицейлер тез табар деп едім, болмады. Күнде қоңырау шалып сұрағаныммен, еш хабар жоқ», — деді білім бөлімінің басшысы. Арайлым Ақсубаева ешбір бала жазғы демалыстан қағылмады деп сендіргенімен, сөзін дәлелдейтін құжаты көрсете алмады.
Аталған қылмыстық істі Алматы облысының ішкі істер департаменті растап, тергеу құпиясына байланысты пікір білдіруден бас тартты.
newstaraz.kz