Алматы облысында ұстаздар мектепте ішімдік ішетін директордың қызметтен кетуін талап етті
Мектеп директорының дауы. Көрнекі фото: Интернет желісінен
Маскүнем директор, дипломсыз ұстаздар! Осылай деп ашынған Алматы облысы Байғазы ауылының тұрғындары мектепті базарға айналдырған басшыны қызметінен қуа алмай жүр. Айтуларынша, жаңа директор келген екі жылда 15 мұғалім жұмыстан кеткен деп хабарлайды Ктк арнасына сілтеме жасаған NUR.KZ.
«Дипломы жоқ колледждің анықтамасымен мына жерге мұғалімдерді алып алған. Балаларда білім жоқ. Білім деген нөл. Аудан бойынша ең соңғы орында тұрған біздің мектеп. Мұғалім дұрыс болмаса білім қайдан болады»,- дейді Байғазы ауылының тұрғыны Мұсабай Мұстафаев.
Осыдан үш жыл бұрын ғана пайдануға берілген су жаңа мектепте 120 бала оқиды. Білім деңгейі бойынша көш соңында қалып кеткен бұл мекеменің тәрбие жұмыстарына да ата-аналардың көңілі толмай отыр. Дипломсыз ұстаздарды айтпағанда директордың өзі оқушыларға қол көтереді дейді олар. 15 жастағы ұлын ұрғаны үшін Бақытжан Тұяқов мектеп басшысы Нұрдаулет Омаровты сотқа да беріпті.
Байғазылықтар білім ордасын базарға айналдырған басшының жұмыстан кетуін талап етіп отыр. Олар директор оқушылардың көзінше ішімдік ішіп, көшеде жүруден де тайынбайды дейді. Тіпті көктемде мас күйінде рөлге отырып, адам қаққан екен. Бірақ бұл жолы да іс сотқа жетпей жабылған. Олқылықтың барын дирактордың өзі де мойындап отыр.
«Мен осында бастық болғалы 2 жыл. Екі жылда 15 мұғалім ауысты. Себебі жас мамандар сырттан келеді да жағдай жоқ деп кетеді. Үйленіп кетеді. Солардың орнын толтыру үшін осы ауылдан сырттай оқып жатқан 3-4 мұғалімді алдым. Соның ішінде сырттай пед колледже, сырттай университетте оқып жатқандар бар. Бірақ қолдарында нақты дипломдары жоқ»- дейді Байғазы орта мектебінің директоры Нұрдәулет Омаров.
Ата-аналардың шағымынан кейін дипломсыз екі мұғалім жұмыстан қуылды. Ал үш студент сабақ беруді жалғастыра бермек. Аудандық білім бөлімі директорды да орнында қалдырыпты. Бірақ бұл шешіммен байғазылықтар келіспейді. Олар енді облыстық білім басқармасы мен министрлікке арызданбақ
newstaraz.kz