Алматыда құндыз тон ұрлаған арудың қылмысы әшкере болды (видео)
2 ақпан күні Алматыдағы емханалардың бірінде қараусыз қалып кеткен құндыз ішікті белгісіз ару ұрлап кетіп, дәліздегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Видео Instagram желісінде тарап, елдің қызу талқысына түсті деп хабарлайда NUR.KZ.
Видеожазбада орындықтың үстінде қараусыз қалып кеткен құндыз тонның жанына белгісіз ару келіп жайғасқанын байқауға болады. Ол жан-жағына біраз қарап, сырт киімін шешеді.
Ешкімнің жоқтығына көз жеткізген соң, сөмкесінен пакетін шығарып, тонды салып алады. Өзі бейнебақылау камерасына бір қарап, мән берместен сыртқа қарай шығып кете берген.
Осыдан кейін тонның иесі киіміне іздеу салып, тауып берген адамға сүйіншісін де беретінін айтқан. Тәртіп сақшылары да белсенді жұмысқа кірісіп, видеоны әлеуметтік желіде таратады.
Оны көрген желі қолданушылары қызу талқылап, жарыса пікір білдіре бастаған. Бірі әп-әдемі бойжеткеннің адам шошырлық әрекетіне жаға ұстаса, енді бірі қымбат киімін қараусыз қалдырған адамды сөгіп тастады.
Айта кетейік, көп ұзамай тонды ұрлаған адам табылып, ол иесіне қайтарылған.
newstaraz.kz