Алматыда о дүниеге аттанудың құны қанша?
«Өлім — байдың малын шашады, жоқтың артын ашады» деген халық арасында сөз бар.
Расында да қымбатшылық заманында қайтыс болудың өзі қазір қыруар қаржы болып тұр.
Оны біз алып шаһардағы жерлеу бюроларымен қаза болған жанды ақтық сапарға шығарып салатын ұйымдардың қызметін естіп, есептеп көрген соң айтып отырмыз.
NUR.KZ порталы дағдарыс заманында о дүниеге аттанудың Алматы қаласында қанша тұратынын есептеп көрді. Қара жер қойнауынан бұйыратын 2 метр қабірге жататын әруақтар үшін оның артында қалған туыстары қанша қаржы жұмсайды?
Қара жердің құны
«Алматыда қайтыс болған мұсылмандарды жерлейтін Кеңсай 1,2 және Боралдайдағы жерлейтін жалпы зират бар. Қазір Кеңсай 1 қорымында жер қалмаған, ал Кеңсай 2 қорымынан 1 кісілік жердің құны — 86 000 теңге. Бұл жергілікті әкімдік бекіткен баға. Алдымен қайтыс болу туралы куәлік алып, сосын аталған соманы арнайы мекеме арқылы төлеп, түбіртегін зират басына әкелу қажет», — дейді қорым қызметкері Сафпа.
Бірақ жақындары о дүниелік болып, оларды жер қойнына тапсырғандар Кеңсайдағы «орын» 3000 доллардан кем емес дегенді де айтады.
Боралдай зираты да тегін емес. Ол аумақта 2 метр жер үшін 35 000-55 000 теңге төленеді.
1. Қабір қазу қызметінің басым көпшілігін жерлеу бюролары атқарады. Мұсылманша көр қазу христиандардікіне қарағанда, 8000 теңгеге қымбат. Қыс кезінде – 35000, жазда — 30 000 теңге.
2. Қайтыс болған адамның туысы болмаса, ақтық сапарға аттанарда жуындыру үшін де ақы төлейсіз. Ғұсылдың құны аруақтың жынысына қарамайды 15 000 теңге.
3. Мүрдені үйінен зират басына апару үшін арнайы көліктер жұмыс жасайды. Оның бір реттік жол жүру ақысы — 25 000 теңге. Ал, мәйітті биік ғимаратты үйлерденалып шыққанда әр қабаты үшін 400 теңге қосымша ақы алынады.
4. Мәйітті кебіндеу үшін ақ матаны да жерлеу бюролары әкеліп, орап береді. Оның құны әйелдерге (25 метр) 8000 теңге, ерлер үшін (20 метр) -7000 теңге.
5. Мәйітті жер қойнауына беріп, топырақ салуға адам табылмаса бұл қызметте ақылы атқарылады. 8000 теңге.
6. Қайтыс болған адамның қайда жерленгенін білу үшін ағаш тақтаға аты-жөні мен туған және қайтыс болған уақыты жазылған арнайы белгілер қойылады. Оның құны — 5000 теңге.
7. «Ал, марқұмның жаназасын шығарған молдаға берілетін ақының нақты сомасы белгісіз. «5000- 20000 теңге аралығында болады» дейді жергілікті жерлеу бюросының жетекшісі Руслан Байназаров.
8. Марқұмның ескерткіші орнатылғанша зиратты уақытша темір шарбақпен қоршап қояды. Оның құны металдың сапасымен өрнегіне байланысты 45 000-70 000 теңге аралығында.
Қонақасы тарату да тойдан кем емес
Алматыдағы бағасы орташа мейрамхана әкімшісі Әсел Әубәкірованың сөзінше, қайтыс болған адамдарға қонақасы дәмханалар мен мейрамханаларда берілетінін айтты.
«Тапсырысты банкет сияқты қабылдаймыз. Жалпы қонақ саны 25-тен кем болмауы тиіс. Адам басына 4000-5000 теңге. Оған 4 түрлі салат, 2 түрлі тіске басар, жеті нан (шелпек), бауырсақ, шай кіреді. Ал дастарханға қойылатын тәтті, жеміс-жидекпен етті тапсырыс беруші өзі әкеледі. Біздің міндетіміз барлығын дастарханға әдемілеп қойып, етін пісіріп, таратып беру. Бірақ сол күні той немесе мерекелік банкеттер болса, қонақасы қабылдамаймыз. Себебі, қуаныш болған соң мейрамханада үнемі музыка қосылып тұрады. Ал, оны қайғылы отбасы түсінбей шу шығарған кездерде болды. Мұсылмандық қонақасыларға, еске алу кешіне орта есеппен 100 адам келеді. Ол 400 мың теңге көлемінде», — дейді әкімші Әсел Әубәкірова.
Имамдардың сөзінше, жаназа шығаруға, қабір үшін жер ақысын төлеу, жуындырғанға бола ақша беруге болмайды. Ал, еске алу кешін өткізіп, ескерткіш тұрғызу ислам дінінде түбегейлі жоқ.
«Қайтыс болған мұсылман үшін 4 парыз бар. Ол –жуындыру, кебіндеу, жаназасын шығару, жерлеу. Қалған айтылғанның бәрі бос әурешілдік, ысырап. Тіпті, қазір өлген адамның қонақасын мықты мейрамханада өткізіп, жетісіне банкет жасау үшін артында қалған туыстары несие алады. Біз болмайды деп түсіндірсек, елдің дастарханында шаруаларың не деп өзімізді сөгеді. Сондықтан Діни басқарма атынан осы ысырапшылдыққа тиым салынған пәтуа дайындадық. Яғни алдағы уақытта өлімді той қылып өткізетіндерді азайту үшін. Пәтуаның бастысы қонақасы дастарханында 7 нан, ет, май, құрт сынды 3-4 түрлі ғана ас қойылады», — дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат-пәтуа бөлімінің жетекшісі Сансызбай Құрбанұлы.
«Біз молдаларға жаназа шығарғаны үшін ақша алуына тиым саламыз. Өлім – той емес. Бұл қайғы. Ал, мына соңғы уақытта қайтыс болған адамның артынан су жаңа киім тарату, жыртыс (маталарды бөлшектеп тарату) беру халықтың ойдан шығарып алған салты. Бұндай сорақы Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан сынды көршілес мұсылман елдерінде жоқ. «Жүзге келіп қайтыс болған қарияның жасын берсін, елге танымал, сыйлы азаматтың жолын берсін» деп тәбәрік ретінде ұсталған заттарын туыстарына және жастарға таратуға болады. Біз Қазақстан мұсылмандарының қайтыс болған адам үшін қарыз алып, ас беруін тоқтату үшін жұма намаз, жаназа сайын жиылған халыққа түсіндіріп жатырмыз. Аруаққа желінген тамақтан сауап тимейді, одан да сол азамттың атынан кедейге, жесір мен жетімге ұн-шайын, қалам дәптерін, науқастың дәрісін алып берсе нағыз игі іс», — дейді Сансызбай Құрбанұлы.
Статистикаға сүйенсек Алматыда айына 500-ге жуық адам қайтыс болады. Оның 65-70 пайызы мұсылман екен. Бәрін есептей келе, Алматыда ақтық сапарға аттанудың орташа құны 635 мың теңгеге шығып отыр.
Оның ішіне ескерткіш орнату, «жетісі», «қырқын тарату», «100 күндік еске алу», 1 жылдан соң берілетін астың шығыны мүлдем кірмейді. Бұл еліміздің өзге өңірлерімен салыстырғанда әлде қайда жоғары баға.
Мәселен, Қарағандыда қайтыс болған адам үшін туыстары 350 000 теңге шығындалса, Астанада 450 мың теңгенің үстінде. Ең аз шығын ауылдарда ғана. Себебі, діни ғұрыпты олар ақыға емес ауылдастары тегін жасайды. Тек дастархан ақысы мен кебіндеуге ғана қаражат жұмсауы мүмкін.
Еске сала кетсек, бұған дейін NUR.KZ «Қазақ байлары мазар салудан қалай жарысады?» деген тақырыпта фоторепортаж дайындаған болатын.
Сондай-ақ ақтөбеліктердің де басқа өңір тұрғындарынан қалыспай, мола салудан жарысып жатқаны туралы жазған еді.