Амандық Баталов қызметін дұрыс атқармаған аудан әкіміне күзетші болуға бұйрық берді
Амандық Баталов. Фото: sn.kz
30 наурыз күні аудан әкімдерінің басын қосып, жиын өткізген Алматы облысының басшысы Амандық Баталов өңірде салынып жатқан қант зауытына қатысты Ақсу ауданының әкімін сын астына алды деп хабарлайды SkifNews.kz.
Оның айтуынша, құрылыс жұмыстарымен айналысып жатқан инвесторлар нысан аумағына ұрылардың жиі түсетінін айтып шағымданады екен.
«Нысанды түнде өзің күзететін бол! Не үшін инвесторлар маған шағым айтып келіп жүр? Зауытты неге ешкім күзетпейді? Біз ол жердегі жұмыстарды уақытылы және артық шығынсыз аяқтауымыз керек.
Сенің еңбек келісімшартыңның уақыты жақында аяқталады, егер жұмысыңды дұрыс атқара алмасаң орныңнан кетесің«, — деді Амандық Баталов Ақсу ауданының әкімі Әділбек Далбағаевқа.
Айта кетейік, 2 наурыз күні Алматы облыстық әкімдігі мен «Энергомост» консорциумы Ақсу қант зауытын іске қосуға негізделген екіжақты меморандумға қол қойған болатын. Биыл бұл жобаға бюджеттен 8 млрд теңге бөлінеді, оның 2 миллиарды жергілікті қазынадан.
newstaraz.kz