Қарағанды облысында 13 адам мінген УАЗ көлігі суға батып кетті (фото)
Қарағанды облысында 13 адам болған УАЗ маркалы көліктің батып кеткен жерінде тосқауыл белгі болмаған. Үш адам бақилық болған тас жолдың қауіпті аумағы тіпті қоршауға да алынбапты. Бұны төтенше жағдайлар департаменті басшыларының өзі растады.
Ал марқұмдардың жақындары кісі өліміне судың деңгейін тексермеген биліктегілерді кінәлауда деп хабарлайды 31 арна.
Бұл — туыстарынан айырылып, қара жамылған екі отбасының бірі. 13 адаммен суға батып кеткен УАЗ маркалы көліктің ішінде Серік Қаппаровтың екі бірдей жақыны болған. Сөзінше, әкімшілікте жүргізуші болып істеген ағасына ауыл басшысы көрші ауылдан адамдарды жеткізуді бұйырыпты.
Бірақ діттеген жерге адамдарды жеткізбекші болған 56 жастағы Болат Әбілдинов жалғыз ұлымен бірге сол кеткенінен оралмаған. Тұрғындар «судың деңгейі көтерілген жерге жақындарымызды жіберген әкімдер ажал аузына өздері айдап апарды», деп қапалы.
Болат Әбілдинов пен оның ұлы Жанболат Мәжітовтен өзге ағысы қатты өзен суына 13 жастағы өрімдей Ерасыл Дарханұлы да батып кеткен. Олардың денелері тек бір тәуліктен соң табылып, шығарылды. Үш адамның мәйіті «УАЗ» көлігінен бір шақырым жерден табылған.
Ішінде 13 жолаушысы болған «УАЗ» көлігі «Бесоба-Қарашоқы» тас жолында аударылған.
Ресми мәліметтерге сай, жолдың ең қауіпті жермен жүрген көлік Бесобаға кетіп бара жатқанда судың ағысына төтеп бере алмай, оң жақ бетке аударылған. Адамдарды құтқарамын деп көліктің артқы есігін ашуға беттеген Болат Әбілдиновті ағыс алып кеткен.
Қар суы шайып өткен жолда ешбір тосқауыл белгінің болмағанын төтенше жағдайлар қызметкерлері бүгін ресми түрде растады. Олар «жүргізуші Болат Әбілдинов қауіпті аумаққа судың ағысын бақылап тұруға жіберілген», деп отыр. Мамандар о баста жүргізуші мен участкелік полицей болуы тиіс көлікте өзге адамдардың қайдан пайда болғанына да хабарсызбыз дейді.
Ал кісі өліміне қатысты қылмыстық іс қозғаған ішкі істер департаментіндегілер бір орында тұруы тиіс «УАЗ» маркалы көліктің не себепті Бесоба ауылына қарай бет алғанын анықтауға кірісті.
Ағысы қатты су небәрі үш күннің ішінде өңірдегі сегіз елдімекенді басқан. Соның кесірінен 21 тұрғын үй мен 44 аула қатты зардап шеккен. Ал түн жарымда қауіпсіз жерге көшірілген 397 адамның 36-сы әлі баспаналарына оралған жоқ.
Десе де облыс басшылары су тасқыны әлі де өршіп тұрған Қарағанды облысында төтенше жағдай жариялауға асығар емес. Ал еріген қар суына батып кеткен адамдар тасқынның құрбандары болып танылмады.
newstaraz.kz