Қарағанды облысында «өзін өзі жарған» жігіттің көршілері оның соңғы жылы қатты өзгергенін айтады
Ресми ақпарат бойынша, маусымның 26-сындағы арнайы операция кезінде Жақсылық Махмұтов осы үйде өзін-өзі жарып жіберген. Гүлшат ауылы, Қарағанды облысы. Фото: Азаттық
Азаттық тілшісі Балқаш қаласына қарасты Гүлшат ауылына барып, «26 маусымда өзін-өзі жарған радикал» деп сипатталған Жақсылық Махмұтовтың үйін көрді, ауылдастарымен тілдесті.
Қарағанды облысының Балқаш қаласы мен осы қалаға қарасты Гүлшат ауылында биыл 26 маусымда полицияның «террорлық акт жасауды көздеген радикалды топты ұстау үшін» арнайы операция өткізгені хабарланған. Операция жайлы төрт күн өткен соң мәлімет таратқан жергілікті БАҚ сол шара кезінде топтың алты мүшесі қолға түсіп, Гүлшат ауылындағы жетінші мүшесі өзін-өзі жарып жібергенін айтқан.
Азаттық тілшісі осы оқиғаның егжей-тегжейін анықтамаққа, «өзін-өзі жарды» делінген адамның кім екенін білмекке Гүлшат ауылына сапар шекті.
«Шешесі қорқа бастағанын айтып жылайтын»
Алматы-Екатеринбург тас жолының бойында, Балқаш қаласынан 50 километрдей беріде жатқан Гүлшат ауылына бейсауат адам сирек келеді екен. Таңертең сиырды өріске айдап шыққан екі әйел қала аралық автобустан түскен жалғыз адамға – Азаттық тілшісіне таңырқай қарап тұрды. Тілшінің «өзін-өзі жарып жіберген адамның» үйін іздеп келгенін білген ол кісілер жөн сілтеп, өздері білген деректерін де айтты.
Ауыл тұрғындарының сөзінше «өзін-өзі жарған» адамның аты-жөні – Жақсылық Махмұтов. Соңғы жылы Балқашта тұратын, жасы 27-ге шыққан Жақсылық оқиға қарсаңында Гүлшаттағы шешесі Ләйлә Махмұтованың үйіне келген.
Азаттық тілшісі барғанда Ләйла Махмұтованың үйі жабық тұрды. Есік алдында ұзын сымға шынжырмен байланған иттен өзге тіршілік иесі көрінбеді. Тілші осы үйге жақын маңдағы төбесіне Қазақстан туы ілінген ғимаратқа – әкімдікке беттеді. Сол кезде кеңсесіне келген ауыл әкімі Мұхтар Шохметов Жақсылық Махмұтовтың өзі мен отбасы туралы пікірлерін сөз арасында айтты, бірақ камера алдында арнайы пікір айтудан бас тартты.
Совет өкіметі кезінде ірі совхоз болған Гүлшатта көшеде жүрген тұрғындар аз. Олардың өзі Жақсылық Махмұтовтың қазасы туралы айтқысы келмейді. Көпшілігі «оқиға болған күні ауылда болмағандарын» айтады.
Жақсылық Махмұтовтың көршісі 77 жастағы Тілеу Құбаева мен тағы бір зейнеткер Рымжан Рақымберлинова ғана естігендері мен көргендерін айтуға келісті. Екі зейнеткердің сөзінше, маусымның 26-сы күні кешке ауылға арнайы полиция жасағы бірнеше көлікпен келіп, үйді қоршауға алған.
«Ауызашарға қонаққа кетіп бара жатқанымда машиналар келді. Үйге қарай кіре бергенімізде бірдеңе гүрс ете қалды. Аң-таң болдық. Балалар бірдеңе атты ма деп ойладық», – дейді Тілеу Құбаева.
Екі зейнеткер де Жақсылық Махмұтовтың Гүлшаттан 20 километр жерден – Ресейдің бұрынғы әскери қалашығының қалдығынан темір-терсек жинап, шешесіне көмектесіп өскенін айтады.
«Тамаша бала еді. Соңғы бір жылда Балқашта әртүрлі жұмыс істеп, қатты өзгерді. Бұрын осы ауылда тұрған кей балаларға ілескенін түсіндік. Шешесіне намаз оқытты. Шешесінің әпкесіне «дін жолына түспедің, намаз оқымайсың, харам жасайсың» деп сөйлейтін көрінеді. Соңғы екі-үш айда шешесі Ләйла да бір нәрседен сезіктеніп, қорқа бастағанын айтып жылайтын», – дейді Рымжан Рақымберлинова.
«Қайсысы уахабист, қайсысы басқа екенін білмейміз»
Көршілерінің сөзінше, биыл қараша айында 27 жасқа толатын Жақсылық Махмұтовтың бес жыл бұрын қосылған әйелі Жаңагүл де намаз оқыған, орамал тартып, ұзын көйлек киген. Екеуінің төрт жасар баласы бар. Жақсылықтың жалғызбасты анасы, 47 жастағы Ләйла Махмұтова бұрын сауыншы болып істеген, қазір ауылдағы еңбек биржасында есепте тұрады. Жақсылықтан кейінгі Қасым деген ұлы былтыр ғана үйленген.
Азаттық тілшісімен сөйлескен тұрғындарының айтуынша, Гүлшатта қазір 30-ға жуық отбасы тұрады. 100-ге жуық үйдің көбі қаңырап бос тұр. Иелері тастап, үлкен қалаларға жұмыс іздеп кеткен. Ауылда мешіт те, имам да жоқ.
Бұрынғы үлкен екі мектеп жабылған. Былтыр ғана шағын жинақты бастауыш мектеп ашылған. Он оқушысы, екі мұғалімі бар осы мектепте 1996 жылдан тәрбиеші болып істейтін Роза Мұсабекова Жақсылық Махмұтовты білетінін, бірақ оқиға болған кезде өзінің Балқашта жүргенін айтады. Оның сөзінше «Жақсылық мектепте жүргенде өзге балалардан ерекше көрінбеген, ауыл балаларының бірі болған».
Осы ауылға 2010 жылы көшіп келген Сұлтан да «бұл оқиғаны түсіне бермейтінін» айтады.
«Кімнің не істеп жүргенін қайдан білейік. Осы жерде әйтеуір уахабистер бар дейді. Қайсысының уахабист екенін, қайсысының басқа екенін білмейміз», – дейді ол.
Азаттық тілшісімен сөйлескен кей тұрғындар «Жақсылық Махмұтов «өзін-өзі жарып жібергеннен» кейін сескеніп қалдық» дейді. Олардың сөзінше, осы оқиғадан соң ауыл маңын торуылдаушылар байқалған.
Азаттық тілшісі Гүлшат ауылын аралап жүргенде ауыл жанындағы тас жол шетінде күні бойы полиция көлігі тұрды. Ресми түрде сөйлесуден бас тартқан полицейлердің бірі «Гүлшаттағы жағдайды бақылап тұрғандарын» айтты.
Азатттық тілшісі Гүлшат ауылындағы жағдайға байланысты Балқаш қаласына да арнайы барып, қала әкімдігіне кірген еді. Балқаш қалалық ішкі саясат бөліміне қарасты конфессия аралық талдау және зерттеу орталығының бас маманы Айдос Бейсембеков полиция арнайы операциямен ұстаған топ мүшелерін «деструктивті діни ағымға кірген жастар» ретінде сипаттады.
«Олар бұрын бізбен сөйлескенде радикалды ұстанымдарын білдірген жоқ. «Әбу Ханифа мазхабын ұстанамыз, имамдардың уағыздарымен келісеміз, үкіметіміздің саясатына ешқандай қарсылығымыз жоқ» дейтін. Бірақ олар үкімет адамдарын алдауға тырысады. Сөйтіп топ құрып, қандай да бір акт жасауға дайындалған. Топтың 13 мүшесі қолға түсіп, алтауы қамауға алынды», – дейді Айдос Бейсембеков.
Ол кейбір ақпарат құралдары жазған мәлімет – «топ Балқаш қаласы маңындағы Ресей әскери нысанын жаруды көздеді» деген сөзге «әзірге нақты дәлел жоқ» екенін айтады.
Полиция күштері 26 маусымда Балқаш пен Гүлшатта өткізген арнайы операция кезінде әлдебір топтың 6 мүшесі ұсталып, жетіншісі «өзін-өзі жарып жіберуін» сарапшылар әрқилы жорыған.
Кей мамандар «биыл маусымның бас кезінде Ақтөбе қаласында қару-жарақ дүкендері мен полицияға шабуыл жасаған радикалды діни топпен бұл топтың байланысы болуы мүмкін» деп болжаған.
Бірақ Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) төрағасы Владимир Жұмақанов Балқаш пен Гүлшатта «салафи ағымын ұстанған», «қолдан жасалған жарылғыш құрылғымен террористік әрекет жасамақ болған» алты адамның ұсталуына Ақтөбедегі оқиғалардың қатысы жоғын мәлімдеген. Ал парламент мәжілісінің депутаты Мәулен Әшімбаев бұл екі топтың тікелей байланысы жоғын, «бірақ шетелдегі бір орталықтан басқарылуы мүмкін» екенін айтқан.
newstaraz.kz