Артур Платонов өзіне ескерту жасаған Мұхтар Тайжанға жауап берді
Өткен сенбіде Жер реформасы жөніндегі комиссияның үшінші отырысында комиссия мүшесі Мұхтар Тайжан депутат, «КТК» телеарнасындағы «Портрет недели» бағдарламасының жүргізушісі Артур Платоновқа ескерту жасап, одан телехабарларда жер реформасына қарсы наразылық білдірген азаматтарды қараламауды сұраған еді.
Бұл туралы Қамшы порталы хабарлайды.
«Артур, митингке шыққан азаматтарды жамандауыңды тоқтат! Олар – Қазақстан азаматтары. Олар ешқандай бұзақылық жасаған жоқ. Митинг үшін ақша төлеп жатыр дейді, тағысын тағы. Бәлкім, біреу біздің бүгінгі процесімізді бұзғысы келетін шығар. Ұлтаралық араздық, ақша үшін, біреудің мүддесі дейді, билікті жаулап алғысы келді дейді. Ондайға жол бермеу керек», — деген болатын Тайжан.
Мұхтар Тайжан бұл ескертпесін комиссия жұмысына қатысып отырған депутат-журналистке тікелей бағыттаған болатын .
Сол отырыстан екі күн өткенде Артур Платонов Мұхтар Тайжан мырзаға жауап қатып отыр. Дүйсенбі күні бірқатар ақпарат құралдары оның төмендегідей жауабын таратты.
«Тайжан мырза ашық және сезімге берілгіш адам ретінде ғана емес, білімді, оқыған азамат ретінде де өзін көрсетіп жүр. Сондықтан, оның өзіне немесе өзі ұнағысы келетін (түрлі жағдайларға байланысты) адамдарға шындықтың ұнамауы мүмкін екенін білмеуі мүмкін емес. Жақсы біледі! Мен оны бірқатар мырзалар (Перкинс, Кларк, Шарп, т.б.) және ел білуі тиіс, әлемде кей кездері болып тұратын жағдайлар туралы бірқатар материалдардан да хабарсыз деп ойламаймын. Неге мұндай оқиғалар үнемі мемлекеттің құлауымен және кінәсіз азаматтардың қаза табуымен, хаоспен, қанмен аяқталатынынан, бейбіт митингтердің қалай және не үшін пайдаланылатынынан да хабарсыз дей алмаймын. Бірақ, кейбіреулерге адамдардың бейбіт митингтердің мүмкіндіктерінен басқа нәрселерді де білгені ұнамайтын сияқты. Сонымен бірге, не үшін екені белгісіз, адамдарды көшеге алып шығу керек және көп адамды алып шығу керек. Не үшін? Егер өзгерістердің («Жер кодексіне» — ред.) бір жыл болса, ал, наразылық енді басталуда. Ал, аренда мерзімі бұрын тіпті 99 жыл болған. Үн парақтарды кім жазды, хабарламаларды кім таратты? Роликтерді, айтса да, барынша кәсіби шыққан және арзан емес, кім монтаждады? Табылған керосин құйылған бөтелкелер мен қару кім үшін?.. Егер ол құрметті адам шын алаңдап, көрсетілгендерге еш сенбесе де, оған бізде мұндай сценарийдің жүзеге аспайтынына кім кепілдік берді? Көптеген елде осылай болды ғой. Үшінші тараптар жағдайды пайдаланып кетпейді деген мұндай сенімділік қайдан пайда болды?
Адамдар үстел басында келісу мүмкіндігі бола тұра көшеге неге шықты? Бұл кімге, не үшін керек?
Азаматтар жағымсыз сценарийлер туралы, оның үстіне олар бірнеше рет жүзеге асқан болса, білуге құқылы. Ал, рұқсат етілмеген митингтерді ұйымдастырушылар заңға сай толық жауапкершілікке тартылуға міндетті!
Сондықтан да, Тайжан мырзаның барлық «айыптаулары» бағытталған адамдарға емес, оның өзіне көбірек қатысты болып отыр. Оның бұл жерде қателескенін көрсетеді. Ол бұл ісін өзі де ойланып, кейін түсінді, тіпті, тәрбиелі адам ретінде өкінді деп ойлаймын. Өйткені ол кездесу барысында қызбалыққа салынып отырды. Мен оның әрекеттерінен күрделі, жағымсыз нәрселер көргім келмейді. Мұның барлығын мен өз елі үшін алаңдайтын, оған тек жақсылықтар мен гүлдену тілейтін азаматтың шынайы талпынысы деп білемін. Сонымен қатар, ондай ниеттегі адам жалғыз ол ғана емес екенін айтқым келеді», — делінген Артурдың Платоновтың жауабында.
newstaraz.kz