Астана мен Сеул қазақстандықтардың Оңтүстік Кореяда заңды жұмысқа тұру мәселесін талқылады
31 мамырда Астана мен Сеул қазақстандықтардың Оңтүстік Кореяда заңды жұмысқа тұру мәселесін талқылады. Бұл жөнінде Қазақстан СІМ баспасөз қызметі хабарлады.
Сәрсенбі күні Қазақстан премьер-министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Қазақстанға ресми сапармен келген Оңтүстік Кореяның сыртқы істер министрі Пак Жинмен екіжақты келіссөз жүргізген.
«Екі ел азаматтарының еңбек және көші-қон құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері келіссөздердің жеке тақырыбы болды. Мұрат Нұртілеу Қазақстан азаматтарының Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмысқа орналасуын қамтамасыз етудің маңызына, әсіресе Қазақстанды Кореяның «Еңбекке рұқсат беру жүйесінің» тізіміне қосуға назар аударды» деп жазылған министрлік хабарламасында.
Биыл сәуір айында Қазақстан билігі шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың құқығын қорғау мақсатында қазақстандықтар жиі баратын елдердің үкіметімен, оның ішінде Оңтүстік Кореямен мемлекетаралық келісімдер пакетін әзірлеп жатқанын хабарлаған. Сол кезде «Оңтүстік Кореяға нәпақа табу үшін заңсыз баратын қазақстандықтар бары, осы мәселені шешу қажеттігі» айтылған еді.
Оңтүстік Корея Орталық Азияның еңбек мигранттары көп баратын елдер қатарына кіреді. Ол жақта, кей мәліметке қарағанда, кемінде 35 мың қазақстандық жұмыс істейді. Қаншасы заңсыз жүргені белгісіз. Кореяға жұмыс іздеп кеткен қазақстандықтардың көбі ол елде Қазақстанмен салыстырғанда әлдеқайда көп табыс табуға болатынын айтады.
2014 жылы Астана мен Сеул виза келісіміне қол қойып, Қазақстан азаматтарына Оңтүстік Кореяда 30 күнге дейін визасыз жүруге рұқсат берілген. Осыдан кейін жұмыс іздеген қазақстандықтар Оңтүстік Кореяға кете бастаған. Бұған дейін сол жақта жүріп, қиын жағдайға тап болған қазақстандықтар құқықтары қорғалмайтынына шағымданған.
newstaraz.kz