Атырау облысында бейтаныс әйел ұрлап кеткен екі бүлдіршін табылды
Куәгердің бірінің сөзіне қарағанда, ол балаларды ауыл сыртынан көрген.
Атырау облысында 28 қыркүйек күні сағат 20:30-да бейтаныс әйелмен бірге таксиге отырып кетіп қалған екі бала үйінен 150 шақырым жерден табылды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі аудан прокуроры Ернат Сыбанқұловқа сілтеме жасап.
«Дабыл бойынша аудан полициясының жеке құрамы түгелдей жұмылдырылды, кейін жақын орналасқан аудандардың да полиция қызметкерлері қосылды. Сонымен қатар прокуратура, әкімдік және ауыл тұрғындары да балаларды іздеуге атсалысты», — дейді Сыбанқұлов.
Куәгердің бірінің сөзіне қарағанда, ол балаларды ауыл сыртынан көрген, оларға «менімен бірге жүріңдер» деген екен, балалар қорқып қашып кетіпті. Кейін тағы балалар бөгде әйелмен бірге таксиге отырып, кетіп қалды деген ақпарат келіп түседі. Ауыл тұрғындары ауыл маңынан ақыл-есі кем бір әйелдің жүргенін айтқан. Тек таңғы сағат 4:00-де балалардың Жылыой ауданы Құлсары қаласында екені анықталады.