Атырауда 24 сәуірдегі митингте бата берген белсендінің үйі тінтілді
24 сәуір күні өткен митингке қатысушы, Атырау тұрғыны Құбайдолла ШОЛАҚ (алаңда бата берген адам) 11 мамыр күні оны Атырау облысы ІІД ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасына шақырып жатқанын айтқан болатын.
Бұл туралы жергілікті Ақ жайық басылымы хабарлайды.
Алайда, ол шақырту қағазында өзінің аты-жөні қате жазылғандықтан онда бармаған.
19 мамыр күні ол бізге телефон арқылы үйінің ауласында полиция жүргенін хабарлады. Бірақ, ол аулаға шықпаған соң, полиция да біраздан соң кетіп қалған. Ол мұның алдында прокуратураға 21 мамыр күні митингке шығатынын жазбаша түсініктемеде жазып кеткенін айтады.
Ал 20 мамыр күні полиция тағы келіп, сот қаулысы негізінде тінту жүргізіп жатқанын хабарлады. Полицейлердің айтуынша, олар «заңға қайшы затты» іздеді.