Атырауда 70 жастағы ақсақал қамауға алынды
Ғатауғали Бохан. Фото: Facebook әлеуметтік желісінен алынды
Атырауда азаматтық белсенділерді қамауға алу толқыны жалғасуда. 23 мамырда тағы үш адам қамауға алынды деп хабарлайды Ақжайық басылымы.
Ғатауғали Боханға, Сағынғали Қапизовқа және Құбайдолла Шолаққа қылмыс жасауға оқталды деген айыптар тағылды. Оларға Қылмыстық кодекстің 179-бабы («Билікті басып алуды немесе ұстап тұруды насихаттау немесе оған жария түрде шақыру, сол сияқты билікті басып алу немесе ұстап тұру не Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгерту») және 272-бабы («Жаппай тәртіпсіздік») бойынша айыптар тағылып отыр.
Құбайдолла Шолақ екі ай мерзімге үйқамаққа алынды. Ол 24 сәуірде Исатай мен Махамбет алаңында қазақ дәстүрі бойынша митинг аяқталған кезде оған қатысушыларға бата беріп, бейбіт түрде тарауды өтінген адам. Сағынғали Қапизов пен Ғатауғали Бохан тергеу изоляторына екі айға қамалды. Естеріңізге салсақ, Бохан жақын арада облыстық әкімдікте өткен Жер кодексіне арналған қоғамдық кеңес отырысында сөз сөйлеген еді. Ол сәуірдегі митингке қатысқанын жасырмады. 70 жастағы қария өз халқына қатысты барлық деңгейдегі билік таңдаған саясатқа қатысты: «Қайда бара жатырмыз? Мемлекет өз халқына қарсы бола алмайды, бұл сұмдық нәрсе», — деп қатты айтқан болатын.
Сол жерде ол өзін екі мәрте прокуратураға шақыртып, саяси көзқарасы үшін бас бостандығынан айырамыз деп қоқан-лоққы жасағанын айтты.
Қамауға алынған күдікті сегіз адамнан тұратын топқа кіреді. Оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Ол белсенділердің, соның ішінде ұсталып, әкімшілік соттың шешімімен арнайы қабылдау орнына қамалғандардың үйлерін жаппай тінтудің логикалық жалғасына айналды. Бұлар Макс Боқаев, Талғат Аян, Ерлан Башақов және т.б. Бұл адамдарға билікті басып алуға шақырды және жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру сияқты өте салмақты айып тағылып отыр.
«Бұл айыптаулардың оғаш қисыны ақиқатқа сай келмейді, оған бүкіл қазақстандықтар куә. 21 мамырда елімізде бірде-бір митинг тіркелген жоқ. Ал жаппай тәртіпсіздіктер мен азаматтық құқық бұзушылықтар тек құқыққорғау органдарының өкілдері тарапынан ғана байқалды», — деп жазады басылым.