Айдос Сарым Астананы газдандыру жобасын ЭКСПО көрмесіне теңеді
Саясаттанушы газдандыру жобасы елорда тұрғындары мен Астананың жалпы экономикасы үшін ауқымды ілгерілеушілік болатынына сенім білдірді.
Белгілі қазақстандық саясаттанушы Айдос Сарым Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жариялаған бес әлеуметтік бастамасы туралы пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бұл — елімізде және әлемде болып жатқан оқиғаларға берілген, ең алдымен әлеуметтік мазмұны бар кешенді жауап. Қазақстан жұмыс орындарын ашу мүмкіндігі күрделі мемлекет. Осы жағдайда Астананы газдандыру мен оны ары қарай басқа өңірлерге ұзарту «ЭКСПО» көрмесінен салыстыруға болатындай жобалардың бірі болып табылады. Бұл — жаңа жұмыс орындары мен жаңа инвестициялар. Газ құбырларының бағдарындағы көптеген тұрғылықты елді мекендер өзінің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін жақсарта алады», — деп пікірін білдірді Айдос Сарым.
Саясаттанушы өз сөзінде газдандыру жобасы елорда тұрғындары мен Астананың жалпы экономикасы үшін ауқымды ілгерілеушілік болатынына сенім білдірді.
«Қолжетімді баспана туралы айтылудың маңызы одан кем емес. Ипотекалық бағалардың төмендеуі, олардың бір деңгейде белгіленуі, ұзартылуы — осы ұсыныс пакеттерінің ішіндегі ең маңызды қадам деп айтуға болады. Бұл айқындылыққа, жаңадан өмір бастап келе жатқан жас отбасыларға жоспарлай білуге жол ашады», — деді саясаттанушы.
Оның айтуынша, Президенттің бастамалары экономиканы сауықтыруға бағытталған.
«Бұл бастамаларды жүзеге асыру үшін Үкімет қаржыландырудың механизмдері мен қайнар көздері бойынша жұмысты айқындайтын болады. Сол кезде тереңірек айтуға болар. Бірақ, жалпы бұл бастамалар жүзеге асырылса, келешекте ел экономикасының өсіміне оң серпін береді», — деп түйді Айдос Сарым.
newstaraz.kz