Қайырымдылықпен айналысатын ақтөбелік кәсіпкер әйеліне сыйлық бермейтінін айтты
Ербол байжарқынов. Фото: nur.kz
Ақтөбелік меценат Ербол Байжарқынов Венрияда өткен әлем чемпионатынан 36 медаль әкелген 46 қазақстандық спортшыны Ақтөбеге алдыртты. Ол әр спортшыға 100 мың теңге мен сыйлық таратқан. Бұл туралы өңірдегі NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
«Әр облыста тұратын 46 спортшыны Ақтөбеге шақырдым. Қазақстандықтар әлем чемпионатынан 25 күміс, 15 қола алған. Оларға құрмет көрсетуді өз міндетім санаймын. Спортшылар — ел абыройын көтеретін азаматтар. Cыйлықпен қоса олардың келу-кету шығынын көтердім.
Жылына 17 миллион теңгені жетім балалар мен мүгедектерге шығарамын. Бұл көмекке сыйлық пен садақаны қоспаймын. Қайырымдылыққа 10 жылдан бері осындай қаржы жұмсап отырмын. Балалар үйіне ақшаны қолма-қол бермейміз. Көмек сұрап келгендерге де ақшаны қолдарына ұстатып жібермейміз», — дейді Ербол Байжарқынов.
Қайырымдылық шараларымен жиі айналысатын кәсіпкер біреуге қарыз беру мен ысырап жасауға жаны қарсы екенін айтты.
«Өзім ысырапшылдыққа қарсымын. Қымбат киімдерге құмар ауруым да жоқ. Ешкімнен қарыз алмай, қарыз бермей өмір сүргім келеді. Үш баламды да соған үйреттім.
Әйеліме де көп сыйлық жасай бермеймін. Оған тек 10 жыл бұрын Америкадан «Lexus» алып бердім. Әрбір тиынға дейін санап, анама есеп берем», — дейді кәсіпкер.
newstaraz.kz