Қазақ менталитетіне жат сөздер
Көрнекі фото: chr.aif.ru
«Білгеніңді істе». Өзге елдердің көпшілігі еркін өмір сүреді. Қысқа ғұмырда қалауыңды істе, өмірің өзіңдікі, ешкімге билетпе дейді кей жұрт. Өмір өзіміздікі болғанымен, біз қоғамның бөлшегіміз. Іс-әрекетіміз ешкімге кесірі тимеуі тиіс…
«Айта берсін». Жоғарыда жазылған жолдардың жалғасы «Кім не десе де, ешкімнің сөзіне құлақ аспа» деп келеді. Бұл сөз кей жағдайларға ғана жарайды, жарамсыз тұстары да жетерлік. Бастаған ісіңіз өнбейтінін, қолыңыздан түк келмейтінін айтып, тауыңызды шаққысы келетіндердің немесе орынды-орынсыз сынап-мінейтіндердің сөзіне мән бермеу керек. Ал кім не десе де маған бәрібір деп, ойға келгеннің бәрін істеп шектен шығу қазақ ұғымына жат. Себебі әр қазақ баласын «ұят болады» деп өсіреді.
«Тауыса жеме». Кейбір адамдар тамақ жегенде міндетті түрде тәрелке түбінде ас қалуы керек, ол тойған белгісі деп ұғынады. Бұл сөз де шетелден келген. Талай ашаршылықтың құрбаны болған қазақтың ұрпағы әр азықтың қадіріне жеткен. «Жаманнан жарты қасық ас қалады» деп, тамақты тәрелкесіне шақтап салып алады да, тауысып жейді.
«Қолыңнан келетін істі тегін жасама». Америка жұрты Джокердің аузына салып берген бұл сөз де қазаққа жат. Мейлі он саусағынан өнер тамған ұста болсаңыз да, бұл сөзді ұстаным етуге болмайды. Бір атым насыбайдан көңілі қалатын халқымызға танысынан мұндай сөз естісе, сыйластыққа сызат түседі. «Шебердің қолы ортақ», шеберлігіңізге сүйсінген ел сұратпай, несібеңізді өзі-ақ береді.
«Құқығыңды қорға». Бұл әрекет жөн-ақ, әрине. Кез келген жерде өзімізге тиесіліні талап етіп, қажетімізді алуға болады. Бірақ «менің хақым бар» деп әдептен озып, адамдықтан аттап кетуге де болмайды. Қойдай қоңыр, қозыдай момын халық аюдай ақырған мінезге де үрке қарайды. Қазақ құқығына қарағанда, инабаттылық, ізеттілік, үлкенді құрметтеу қасиеттерін жоғары бағалайды.
newstaraz.kz