Қазақ өнерінің өкілдері жердің сатылуына тойтарыс бермек (фото)
Жер сатуға наразылық білдірушілердің қатарына өнер саласындағы азаматтар да қосылды, деп хабарлады 31 арна.
Олар бірауыздан халықпен бірге екендерін, жердің саудасына да, оның жалға берілуіне де қарсы екендіктерін айтты. Бұған қоса, ел ішіндегі наразылықтың басқа арнаға бұрылып кетпеуіне алаңдаулы.
Жай уақытта бастары көп біріге бермейтін әнші, актер, журналистер бұл жолы пікірлерін айтуға бірге жиналды. Өйткені, бәрінің де «Жер жалға берілмесін» деген талабы ортақ.
«Біреу ертең отқа май құйып жіберсе үлкен бір адам шығынына әкеп соқтыруы мүмкін. Сол үшін тез арада елдің бейбітшілігін қаласа, халық санының артқанын қаласа, кемімегенін қаласа, билік ертерек шешімін өзгертсе деген талап тілегіміз бар», — деді әнші Сәкен Майғазиев.
Жиналғандардың бұлайша дүрлігуіне әсіресе, Қытай инвесторларының қазірден-ақ қызығушылық танытып отыруы бір себеп. Жерді жалға беру- басы бүтін бергенмен тең деп есептейтін өнер иелері, ел болып қазір тойтарыс бермесек, кейін кеш бола ма деседі.
«Не үшін жалға беруіміз керек? Қытайлар 25 жылға жалға алатын болса оған соя егетін болса үш-ақ жылда жердің тас-талқанын шығарады. Он жылдық құнарын үш-ақ жылда жойып тастайды. Және ертең 10 жылдан кейін сол жерді өзімізге жалға бермесіне кім кепіл?», — дейді актер Бақыт Тушаев.
Ал актер Бекжан Тұрыс пен ақын Ринат Зайытов ел жанұшыра шулап жатқанда, үкіметтің сырғытпа жауаппен шектелуі халықтың қарсылығын толқуға ұластырып жібере ме деп алаңдаулы. Сондықтан, бұл айтқандарын билік тарапы сес көрсету емес, ел мен үкіметті мәмілеге келтірудің жалғыз жолы деп түсінсе екен дейді.
«Ашынып атқа қонған қазақтың алдында тұрма, тамтығыңды шығарады. Сондықтан соны ойлау керек. Халықты ашындырмау керек», — дейді актер Бекжан Тұрыс.
«Халықтың үніне құлақ асып жатқан ешкім жоқ болғаннан кейін бұл осындай көтеріліске жетелейді. Халықтың ашуын тудырады. Бұл туындап жатқан дүмпу енді өршімесе бәсеңсімейді. Ол халық ертең атамекен жері үшін, ұрпағына мирас болатын, қала берді, өзі өлгеннен кейін көмілетін жері үшін ол аяғына дейін барады», — дейді айтыскер Ринат Зайытов.
Елмен бірге екендерін білдіргісі келген танымал тұлғалар, келесі жиында қайта жүздескенше деп тарқасты. Өйткені, белсенді топ мұнымен тоқтап қалмақ емес екен.
«21-не жұрттың бәрі жиналғалы жатыр. Алла нәсіп етсе бізде бой көтереміз. Ойымызды айтамыз. Бізде бұғып қалмаймыз. Өйткені, бұл біздің жеріміз. Ата-бабаларымыздан қалған жер», — деді әнші Сәкен Майғазиев.