Қазақстан футболшыларын сынға алған Қуат «Найманды» қазақ боксшысы жекпе-жекке шақырды
Кәсіпқой боксшы Әмірхан Төлеуовке отандық спортшы Қуат «Найман» Хамитовтың қазақстандық футболшылар туралы айтқан сыны жақпай қалды, деп хабарлайды «NewTimes.kz» ақпараттық агенттігі.
Спортшы Төлеуов ережесіз жекпе-жектен әлем чемпионы Қуат Хамитовты жұдырықтасуға шақырып, видеомәлімдеме жасады.
«Мен Әмірхан Төлеуов, кәсіби күресшімін. «Найман», саған айтамын. Сен біздің спортшыларды жиі сынайтыныңды байқап жүрмін. Соңғы жазбаңа қатысты футболшылар қарсы жауап айта алмайтынын жақсы түсінесің. Ал сен мені сынап көр. Немесе бұл мәселені оң жолмен шешіп, Макгрегор мен Мэйвезер сынды жекпе-жекке шығайық… 26-сы күні ЭКСПО-ның Амфитеатрында үлкен бокс кешінде кездесейік. Кел, мен сені күтемін. Сені жекпе-жекке шақырамын», — деді Төлеуов. Бұл мәлімдеме желіде тарап, жұрттың пікірі екіге бөлінді. Бірі Әмірхан Төлеуовті қолдаса, келесі бірі Қуат «Найман» оны 30 секундта құлататынын болжаған. Ал кейбір қолданушы «Енді екеуің де қазақ боп, бір-біріңмен қырылу қалып еді» деп сынның астына алды.
Еске сала кетсек, жуырда ғана әлем чемпионы Қуат «Найман» қазақстандық футболшылар миллиондаған қаражат алып, ешбір нәтиже көрсетпейтініне қынжылған болатын. Бұл туралы ойын әлем чемпионы өзінің желі парақшасында жария етті.
«Қазақстанда футболға тыйым салу керектігін әрдайым айтып келемін! Бұған кетіп жатқан қаражатты балуандарға, боксшыларға, файтерлерге беріңіздер. Олардың жүрегінде ар-намыс пен мақтаныш бар! Олар елі үшін өз қаражатына еліміздің Туын көтеріп, абыройын асырып жүр. Ақымақтар ұқсап 90 минут жүгіріп, миллиондаған ақша алмайды!», — деген болатын Қуат «Найман».