Қазақстанда 13 жыл құлдықта болған қырғыз қызы азапты өмірі туралы баяндады
Қырғызстандағы Қарасу ауданының тумасы Элзада Муминова 2004 жылы 15 жасында Қазақстанға жұмыс істеуге кетіп, құлдыққа түскен. Еліне жуықта ғана бір баласымен бірге оралған оның екі баласы Қазақстанда қалған.
Бұл туралы Азаттық жазады.
«Замандас» қауымдастығының Қазақстандағы өкілі Алтынбек Сыдықов Азаттықтың Қырғыз қызметіне айтуынша, Қырғызстан билігі мен қоғамдық ұйымдары Элзада Муминова жайлы алғаш Жамбыл облысы Ақтерек ауылы имамынан естігеннен кейін оны құлдықтан босатқан.
– Әке-шешем жоқ. Мұндай күйге түсетінімді білсем, «өлтіремін» десе де, Қазақстанға кетпей, өз елімде қалар едім. Олардың мені құлдыққа қалай сатып жібергенін тіпті түсінбей де қалдым. Мені 1972 жылы туған бір кісіге 150 мың теңгеге бергенін Жаркентте бір-ақ білдім. Ол «сені сатып алдым, қашып кетуге тырыссаң, түрмеде шірітем» деп қорқытты. Бұған қатты ашуландым, бірақ қарсыласуға қорықтым. Сөйтіп әлгі жігіттің әйеліне айналып, екі ұл таптым, – дейді Элзада Муминова.
Элзаданың әке-шешесі оның кішкентай кезінде қайтыс болған. Ол Қазақстанға жетінші сыныпта оқып жүргенде бала бағу үшін кеткен. Оны Рахат есімді шала таныс әйел алдап әкетіп, шекарадан құжатсыз өткізген.
– Қазақстанға 2004 жылы Қарасу ауданынан кеттім. Елге сол кезден бері қайта алмай, жуырда әрең босадым. Құлдыққа қалай түстім дейсіз бе? Қырғызстанда Рахат есімді әйел мен оның Ұлан деген күйеуін танитынмын. Әке-шешем қайтыс болғаннан кейін күн көру қиындап жүрген кезде екеуі «Жұмыс істеуге барасың ба? деп сұрады, мен бұл ұсынысқа келістім. Ол кезде жетінші сыныпты әрең бітіріп, каникулда жүргенмін. Рахат «15 мың теңге төлеймін, тамақтан тарықтырмай, баспанамен қамтамасыз етемін» деп уәде етті. Менің құжаттарым жоқ болатын, бірақ олар күтіп алған адамдарға 10 мың теңге беріп шекарадан өткізді. Жамбыл облысындағы Айнабұлақ ауылына осылай тап болдым, – дейді ол.
Элзаданы алып кеткен Рахат есімді әйел ақша төлемек түгілі қызды үйінде қамап ұстап, ұрып-соғып, кемсіткен. Кейін ол қырғызстандық қызды 150 мың теңгеге шала таныс ер адамға сатып жіберген.
– Біз Айнабұлақтан өзге бір қазақ ауылына көштік, сосын мені Жаркенттің бір тұрғынына сатып жіберді. Мені әлгі кісіге неге бергенін әуелі ұққан жоқпын, бірақ оның мені 150 мың теңгеге сатып алғаны кейін белгілі болды, – дейді ол.
«СУРРОГАТ АНА»
«Замандас» қауымдастығы өкілі Алтынбек Сыдықов Элзада Муминова сияқты тағдыры аянышты қыздар қазір көп екенін айтады.
– Олар алаяқтардың құрбанына айналып, құлдыққа түседі. Қырғызстандықтар Элзаданы қазақ кісіге тоқалдыққа берген. Оның айтуынша, 44 жастағы күйеуінің бірінші әйелі бала көтермеген. Ал ол екі-үш жылда екі ұл бала туған. Кіші баласы сәл есейіп қалған кезде олар Элзаданы қуып жіберген. Әлдебір құжаттарға қол қоюды сұраған, бірақ Элзада олардың балаларды тартып алғысы келетін ниетін сезіп, Алматыға қашып кеткен. Ол жақта Қырғызстан консульдығынан көмек сұраған, бірақ ешқандай қайыр болмаған соң құрылыста, кафеде жұмыс істей бастаған. Ол жерде алаяқтардың арбауына тағы түсіп, оны әйелінен ажырасып кеткен бір кісіге күйеуге берген. Элзадаға «оның үйі бар, тұрмысы жақсы» деп айтқан. Бірақ Элзаданың екінші күйеуі оны Жамбыл облысының шалғай ауылдарының біріне алып кетіп, ұрып-соғып, қорлаған. Үш жылдан кейін қыз бала босанған. Ауыл ақсақалдары оның аянышты күйін көріп, Алматыдағы қырғызстандық кәсіпкерлерге хабарласқан. Сәуірдің 24-і күні Алматыдағы Қырғызстан консулы Гүлнәр Балтабаева екеуміз барып, оны алып келдік, – дейді Алтынбек Сыдықов.
ҮМІТ
Тартқан тауқыметіне қарамастан, Элзада еңсесін түсірмейді, Қырғызстанға оралғанына шүкірлік етеді. Ол «енді проблемаларым шешіледі» деп сенеді. Бірақ оны әлі көп қиындық күтіп тұр. Қызы екеуінде де жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ. Ол әуелі құжаттарын жасап алғысы келеді, сосын Қазақстанға заңды жолмен барып, бірінші некеден туған екі ұлын қайтарып алмақ.
– Үлкен ұлым 2007 жылы, ал кішісі 2010 жылы туған. Екеуін үш жылдан бері көрген жоқпын. Күйеуім де, оның үлкен әйелі де мені ұрып-соғып, күң сияқты ұстады. Екеуінен қашып Алматыға келдім, бірақ тағы сондай жағдайға ұрындым. Қазір ең басты мақсатым – ұлдарымды қайтарып алу. Екеуін Қырғызстанға әкеліп, бәрін бірге өсіріп жеткізсем, өзім оқи алмай қалған оқуды оқытсам деп армандаймын. Ошқа қайтқым келмейді, Бішкекте қалғым келеді. Мен жоғалып кеткен кезде туыстарым мені тіпті іздемепті де, сондықтан оларға ренжулімін. Ол жақта мен сияқты құжатсыз, Қырғызстанға орала алмай жүрген тағы бір келіншекті танимын. Оның есімі – Шынар. Жағдайы мүлде қиын. Қырғыз қыздарына «Ешкімге сенбеңдер! Әйтпесе мен сияқты құлдыққа түсесіңдер» деймін, – дейді Элзада.
Элзаданың ендігі тағдыры не болатыны қазір белгісіз. Еліне оралғаннан кейін ол Азаттықтан көмек сұраған. Элзада Муминова редакциядан шығып кеткеннен кейін «Замандас» қауымдастығы өкілі Алтынбек Сыдықов «оны Ошқа жіберіп, құжаттарына қатысты проблемаларды шешу жолдарын іздеймін» деді.
Құлдықпен күресетін халықаралық ұйымдардың дерегінше, жыл сайын 800 мың адам құлдық саудасы құрбанына айналады. Заңсыз бизнестің жылдық айналымы 9миллиард долларға жуықтайды. Қазіргі замандағы құлдық саудасы құрбандарының көбі – әйелдер мен халықтың осал бөлігінің балалары. 2013-2015 жылдары құлдықтан 246 қырғызстандық құтқарылған.