Қазақ жігіті басты рөлді сомдаған фильм Қытайда рекорд орнатты
Мұхтар Тілеуғазыұлы. Фото: Қамшы
Бұл тіпті атақты Джеки Чан киноларының алғашқы күнгі көрсетілімінде сатылған билет бағасынан асып түсті деп хабарлайды kazakh.people.com.cn.
Қытай көрермендерінің назарын аударып, тәнті еткен «Ержүрек аспан сардары» фильмі Қытай киноиндустриясындағы биылғы жылдың табысты жобаларының бірі болды. Қытайда тұратын қандасымыз Мұхтар Тілеуғазыұлы «Ержүрек аспан сардары» фильмінде Байрұң тайпасынан шыққан батыр рөлін тамаша сомдап шығады.
Жібек жолы бойындағы тарихи оқиғаны баян еткен фильм тартымдылығымен көрерменді баураған. Осылайша, бұл туынды Қытай кино тарихында алғашқы күнгі билеттер сатылымы бойынша рекорд жаңартты.
Мұхтар Тілеуғазыұлы — Қытайдың Іле қазақ автономиялық облысы, Күнес ауданының тумасы. Ол Қытайдың ең әйгілі режиссерлерінің туындыларында беделді рөлдерде ойнап, көрерменнің көңілінен шығып жүр. Қазіргі күні Қытайдың патшалары мен батырларының рөлін сомдаушылар арасында жоғары сұранысқа ие актерлердің бірі.
Негізінен тарихи фильмдерге түседі. Оның жұлдызын жарқыратқан туынды — Қытайдың Лу Чан есімді белгілі режиссерінің «Патшаның қонағасы» фильмі болды. Бұл тарихи фильмде Мұхтар Батыс Хан патшалығын құруға еңбек сіңірген атақты сардар Фан Куәйдің рөлінде ойнайды. Көрерменге өзінің батыр келбетімен, әртістік талантымен ұнайды.
Актер 2013 жылы «Яң Гуйфи» (Яң Гуйфи — Қытай тарихындағы ең атақты төрт арудың бірі болған) фильмінде Ан Лушан сардардың рөлін сомдайды. Осы секілді тарихи фильмдерде жарқырап көрінген, талантты қандасымыз соңғы төрт жылдың өзінде-ақ жиырмадан астам киноға түскен.
Мұхтардың рөл сомдау барысындағы оттай жанған көз жанары, батырларға тән келбеті, ат үстіндегі сайыскерлік өнері жұртқа ұнаған. Бұл рөлдерді тамаша сомдауы оның қазақ ауылында туып, бала кезінен батырлар жырын тыңдап, ат жалында ойнап өскенінің арқасы.
newstaraz.kz