БҚО-да ауыл әкімі бастаған шенділер жергілікті тұрғынды орманға апарып әбден азаптаған (фото)
Эльдар Күшімбаев мойнындағы қылғындырудан қалған ізді көрсетуде. Фото: uralskweek.kz сайтынан.
Ауыл тұрғыны мен әкім арасындағы жанжал 19 тамыз күні түңгі сағат 03.00 шамасында болған. Перметное селосының жаңадан сайланған әкімі Амантай Жұмақұлов, төтенше жағдай қызметкері Талғат Мусин және кәсіпкер Асхат Шалабаев пен ауыл тұрғыны Эльдар Күшібаев барлығы жергілікті дәмханада кездесіп, дастархан үстінде сөзге келген.
Таяқ жеген тұрғынның сөзінше ауыл әкімімен жанжал емен бұтағына бола басталыпты.
«Кәсіпкер Асхат Шалабаев маған монша сыпыртқысына қолданатын емен бұтақтарын қайдан алатынымды көрсетпегенім үшін ренжіп тиісіп, ұра бастады. Осы кезде ауылы әкімі де қосылып, төбелес болып кетті. «Еркек болған соң болады» деп мән бермей дәмханадан шығып достарыммен сыра ішуге кетіп қалдым»,-дейді Эльдар Күшібаев.
Эльдар Күшімбаевтың желкесіндегі соққы іздері. Фото: uralskweek.kz сайтынан.
Біраз уақыттан кейін ауыл әкімі Эльдар отырған кафеге келіп: «Сыртқа жүр әңгіме бар» деп көшеге шақырған. Арам ойы жоқ ауыл тұрғыны сыртқа шыққанда басынан қатты соққы алып есінен танып қалыпты. Ал оянған кезінде өрт сөндіру бөлімі басшысының көлігінде келе жатқанын көрген. Ауыл тұрғыны көлік ішінен секіріп түскенімен ешқайда қаша алмайтынын түсінгенін айтады.
«Бар күшімді жинап, қарсылық көрсетіп көліктен шықсам орманның ортасында екенмін. Қашып құтыла алмайтынымды бірден түсіндім. Олар көлікте мен жаяу. Сосын қулыққа барып: «ренішті кешіріп, достасайық» дедім. Олар сөзіме сеніп, жүк салғыштан сыра шығарып іше бастады. Отырыс кезінде өрт сөндіру бөлімінің бастығы Талғат Мусин менің қолыма темекісінің тұқылын басып, «сен еркексің ғой, үндеме» деді. Олар сыраларын ішіп бітіп, көлікке отырған кезде, мен орман арқылы үйге қаша жөнелдім»,- деді Эльдар.
Эльдар Күшімбаев қолындағы темекі шоғынан қалған күйікті көрсетуде. Фото; uralskweek.kz сайтынан.
Күдіктілер қылмыстарын жасыру үшін Эльдар есінен танып жатқан кезде, үстіндегі қан болған көйлегін ауыстырып, жаңасын кигізіп қойыпты. Алайда, сараптама кезінде шенеуніктердің ауыл тұрғынын қылғындырғанын тамағында қалған іздерден дәрігерлер байқаған.
Зардап шеккен азамат бар күшін жинап қаскөйлерден әрең қашып үлгеріп, сол түні полицияға арыз түсіреді. Бұл оқиғаны аудандық прокуратура да растап, жұдырығы жуан дөкейлерге қатысты қылмыстық іс қозғалған.
Ал Зеленовский ауданының әкімдігі болса аталған жәйтті растамады да, жоққа да шығармады. Жаңа сайланған ауыл әкімінің ессіз қылығына қатысты пікір білдіруден қашып, жиналыстан қолы босамайды деген сылтаумен жүріп алған.
Қызметін асыра сілтеген үш дос болса Эльдардың үйіне келіп, кешірім де сұрапты. Ал таяқ жеген азамат болса, «ешкімге кешірім жоқ, барлығы заң жүзінде жазасын алу керек» деп отыр.
newstaraz.kz