БҚО-да прокурордың қызметтік көлігінің қозғалтқышын ұрлап кетті
Батыс Қазақстанда облыс прокурорының орынбасары Александр Цуранковтың қызметтік көлігіне ұры түсті. Бір қызығы, қылмыскер көліктің тек қозғалтқышын ғана қолды етуді жөн көрген, деп хабарлайды «Уральская неделяға» сілтеме жасап «NewTimes.kz» ақпараттық агенттігі.
Облыстық прокуратураның баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, Александр Цуранковтың жеке көлік жүргізушісі күдікті болып отыр. Аталған іске қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 189 бабы, 2 бөлімі, 3 тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүріп жатыр.
Бір қызығы, анау-мынау емес, прокурор көлігіне түскен ұры «Toyota Camrу» автокөлігінің қозғалтқышын сатылымға шығарып жіберген. Белгілі болғандай, көлікке 550 мың теңге көлемінде шығын келген және ол бүгінде толықтай өтелген. Айта кетейік, прокурордың қызметтік көлігі 2014 жылы шығарылған. Көлік дәл сол жылы 6 272 000 теңгеге сатып алынған. Автомобильдің қазіргі нарықтағы құны 3 538 000 теңгені құрап отыр.