Бекболат Тілеухан мектеп оқулықтарын қожанасырдың хатына теңеді
Қазіргі кітаптардың мазмұнын балалары түгілі, мәжіліс депутатының өзі түсіне алмай қиналып жүр екен деп хабарлайды КТК арнасы.
«Біздің үйде жағдай қиын. Өйткені менің 3 балам мектепте оқиды. Мен мектепті медальмен бітіргенмін. Политехникалық институтты бітірген адам ретінде кітапты түсіне алмаймын. Оқулық Қожанасырдың хаты сияқты. Біз көз алдымызда ұрпақты мүгедек қылып жатырмыз. Кез-келген оқулықты ашсаңыз, қате өріп жүр. Оқулық ешқандай сын көтермейді» — дейді мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан.
Мәжілісмен балаларын қыруар қаржыға репетитор жалдап оқытып жүр екен. Ал мұндай артық шығынға ақшасы жоқтар не істейді деп сұрады Білім министрінен. Сондықтан Ерлан Сағадиевтен еліміздегі оқулық дайындау жүйесін түбегейлі өзгертуді талап етті.
Депутаттың айтуынша, кітап басып шығару ісіне кәсіпкерлерді мүлдем жолатпау керек. Өйткені, бизнесмендер ақша табуды ғана көздеп, оқулықтың сапасына салғырт қарайды. Яғни, мектептегі кітаптарды ғалымдар жазып, оның ішкі мазмұнына Білім және ғылым министрлігі тікелей жауап берсін деді депутат.
Сондай-ақ, Тілеухан мұғалімдердің де деңгейі өте төмен болғандықтан мектептерде білім беруге емес, түрлі концерт, киім тігіп кию, қыздардың шашын сәндеу сынды пайдасыз дүниелермен уақыт өткіп жатқанын айтып салды.
newstaraz.kz