Бердібек Сапарбаев жер мәселесінің алаңдағы айқаймен шешілмейтінін айтты
Кеше Ақтөбеде жер дауына байланысты үш жақты кездесу өтті. Облыс әкімі алаңға шықпай, сұрақтарды кездесу арқылы шешуді ұсынды.
Бұл туралы аймақтағы NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
«Алаңға барғанда, паркке барғанда ешнәрсе шешілмейді. Комиссия құрылған жерлерге барып, сұрақтарын айту керек. 21 мамыр күні Қоғамдық кеңес, Нұр Отан және үш жақты комиссия қала бойынша төрт жерде жұмысын атқарады. Қазір бәріміз бірге 21 мамыр күні ешкім паркке бармау керек дегенге жұмыс істеуіміз керек. Арандатушылар және қоздырушылар бар. Сырттан келген қағаздардың бәрін оқып отырмыз. Оны сіздер де оқып отырсыздар», — деді Бердібек Сапарбаев.
Ақтөбелік белсенді әкімге тұрғындардың кез-келген жерде митинг туралы айтып жатқанын жеткізді.
«Ең басты мәселе -21 мамыр. Біз ол алаңға не деп шығамыз? Мен халықтан өзім қорқайын дедім. Асханаға барып шай ішкен кезде де не айтып отыр екен деп тыңдаймын. Бәрінің айатыны — митинг. Оларға оның дұрыс емес екенін түсіндірдім. Біреуі орнынан тұрып балағаттап жіберді. Көрдіңізбе, олар өршіп тұр. Қандай жағдайға да дайын болуымыз керек. Жаман айтпай жақсы жоқ. Біз жастардың амандығын айтамыз, халқымыз түсінбей, алданып отыр»,- дейді белсенділердің бірі Нығметбай Ермаханов.
Облыс басшысы белсенділерді бірлікке және сабырлыққа шақырды.
«Осылай бәріміз бірге болсақ, ертең жаман болмаймыз. Міндетіміз, парызымыз — Ақтөбенің абыройын сақтап қалу. «Ертең мынау Ақтөбе тағы да шықты, сол батыстар анау-мынау…» деген болмау керек. Ертеңгі күнді біз ешуақытта ұмытпауымыз керек. Ұрпақ алдында жауап беретін біздер. Мына шашы ағарған, өмірден көп нәрсе көргендер. Ертең олар бізге өкпелемесін. Елбасымыз оның бәрін ойлап отыр», — деді әкім.
Облыс басшысы қалта телефондарының да қадағалауда екенін ескертті.
«Қазір әр адамның қалтасында бір телефон. Сол арқылы 21 мамыр күні митингке барыңдар деген хабарландыру алып жатыр. Онда не үшін баратындарын білмейді. Сонда тұрғындардың өздерінің бастары жоқ па? Әр адам өзіне жауап беру керек, ертеңін ойлау керек. Жастар телефонына түскен қоңыраумен кетеді. «Телефон менің жеке құралым, онымен қалай сөйлессем де өзім білем» деген дұрыс емес. Оны да заңға сәйкес пайдалану керек. Оны арандатушылыққа пайдаланбаған дұрыс. Пайдаланса, заң алдында жауап береді»,- деді әкім.
Белсенділер облыс әкіміне қолдау білдіретінін айтты.
«Қазір сендер сатқынсыңдар деген пікір дұрыс емес. Кім нені сатып кетті? Ешкім сатып кеткен жоқ. Әркім өзінің сана сезімімен, арымен жұмыс жасап жатыр. Мен халықпен қай күні де кездесуге дайынмын. Бірақ, қайталап айтамын, паркте, алаңда айқайлап мәселе шешілмейді. Онда неше түрлі жағдаймен келетін адамдар болады. Дұрыс әңгіме болмайды. Егер халық үшін мәселе шешеміз десек, осындай кездесулермен шешуіміз керек. Егер басшылар ондай кездесулерге бармай жатса, онда айтыңдар. Ешқандай мәселе болмайды», — деді Бердібек Сапарбаев.
newstaraz.kz