Bloomberg: Ресей Қазақстан, Түркия және өзге де елдердің көмегімен Еуропаның микрочиптерін сатып алып жатқан болуы мүмкін
Ресей санкцияны айналып өтіп, Еуропадан микрочиптер сатып алып жатқан болуы мүмкін. Еуропадағы жоғары лауазымды дипломаттарға сүйенген Bloomberg агенттігі осылай деп жазды.
Оның сөзінше, Ресейдің сауда-саттық жасауына санкцияға қосылмаған Түркия, Қазақстан, Біріккен Араб Әмірліктері сияқты үшінші елдер көмектесіп жатыр.
Bloomberg дереккөзінің айтуынша, Еуроодақ пен «Үлкен жетілік» елдерінің санкциясына қарамастан, Ресейдің импорт көлемі соғысқа дейінгі кезеңге жуықтап қалған. Ресейге Азия елдерінен, оның ішінде Қытайдан да импорт тауар көлемі артқан.
Женевада шоғырланған Сауда мәліметтеріне мониторинг жүргізу халықаралық агентттігінің дерегінше, мысалы, Қазақстан 2022 жылы Ресейге құны 3,7 миллион доллар болатын микрочиптер мен жартылай өткізгіштер сатқан. 2021 жылы бұл көрсеткіш небәрі 12 мың доллар болған.
Соғыстан бұрын Ресейге Еуроодақ, АҚШ, Ұлыбритания және Жапониядан жыл сайын құны шамамен 163 млн доллар болатын электрон бөлшектер тасымалданған. 2022 жылы бұл көрсеткіш 60 млн долларға дейін азайған. Есесіне Ресей Қазақстан, Түркия, Сербия және БАӘ-ден электрониканы жиі тасымалдай бастаған. Аталған елдердің өздері электроника өндірмейді. 2022 жылы бұл елдер Ресейге санкция салған елдерден осындай тауар түрін көптеп сатып ала бастаған.
Бұған дейін «Еркін Ресей» қоры ресейлік кеден мәліметтерін талдай отырып, 2022 жылы БАӘ-ден Ресейге электрон бөлшектер экспорты 7 есе ұлғайып, 238 млн долларға жетті деп мәлімдеген. Ал чиптер экспорты 15 есе артып, 24,3 млн доллар болған.
Өткен аптада АҚШ, Еуроодақ және Ұлыбритания БАӘ-ні Ресейге қайта тауар экспорттауды тоқтатуға, әсіресе Украинамен соғысты жалғастыруға пайдаланылатын электрониканы бермеуге үндеген.
newstaraz.kz