Дональд Трамп Сириядағы нысандарды әуеден атқылауға бұйрық берді
АҚШ президенті Дональд Трамп Сирияда химиялық қару өндіру үшін қолданатын үкімет мекемелерін әуеден «аса дәлдікпен» атқылауға бұйрық берді.
Трамптың айтуынша, Сирия жаппай қырып жоятын қару қолдануын доғармайынша, әуе соққылары тоқтамайды. АҚШ оны Франция және Ұлыбританиямен бірге жүргізеді.
— Donald J. Trump (@realDonaldTrump) 14 апреля 2018 г.
Соңғы мәліметтерге қарағанда, соққылар Дамаск қаласындағы ғылыми-зерттеу орталығы мен әскери базаларға тиген. Мұнда Сирия әскерінің ең мықты деген бөлімшелері орналасқан. SOHR мәліметіне қарағанда, нысанға айналуы мүмкін бірқатар базалар мен әуежайлардағы адамдар осы аптада эвакуацияланған.
Ұлыбритания қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, Хомстан тыс жерлердегі нысандарға да соққы жасалған. Мұнда химиялық қару дайындауға арналған шикізат сақталған делінеді. Министрлік шабуылдың сәтті өткені туралы алдын ала мәлімет барын хабарлады.
Пентагон мәліметіне қарағанда, бұл жолы АҚШ өткен жылға қарағанда екі есе мықты әскери күшпен шабуыл бастаған. Былтыр Асад күштері Хан-Шейхунда химиялық қару қолданған соң, Трамп Сирия әуежайларын соққылауға бұйрық берген еді.
Сол кезде Сириядағы ақпарат құралдары бұл шабуылды «халықаралық құқықты өрескел бұзу» деп атап, зымыранға қарсы қорғаныс жүйесі 13 зымыранда атып түсіргенін мәлімдеген.
Ресейдің қорғаныс министрлігі 14 сәуірде Сириядағы Ресей әскери базасы маңына соққы жасалмағанын мәлімдеді.
Трамп Ресей мен Иранды Асадтың «қылмыскер жүйесін» қолдауды доғаруға шақырды. Трамптың мәлімдеуінше, аталған елдерді «Асадтың қылмыскер жүйесін қаржыландыру мен қамтамасыз етуге жауапты» деп қарау керек.
Ресейдің АҚШ-тағы елшісі Анатолий Антонов АҚШ пен оның одақтастарын қатаң сынға алды. Иран сыртқы істер министрлігі Сирияға жасалған соққылардың «аймаққа да әсер етеді» деп мәлімдеді. Францияның мәлімдеуінше, шабуылдың болатынын Ресейге алдын ала ескерткен.
newstaraz.kz