Елбасы «Самұрық-Қазына» басшысын қабылдап, қордың жұмысын мақтады (фото)
Фото: Ақорда
Қазақстан президенті еліміздің экономикасында қордың маңызды рөл атқаратынын атап өтіп, оны әрі қарай дамытудың жекелеген бағыттарына тоқталды.
««Самұрық-Қазына» қорының ел экономикасы үшін маңызы зор. Ол мемлекеттің негізгі активтерін басқарып отыр. Қазіргі уақытта ахуалы жақсы. Металдар бағасының конъюнктурасы қолайлы болып қалуда», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Шөкеев мемлекет басшысына биылғы 7 айда атқарылған жұмыстардың қорытындысы, сондай-ақ қорды және оның еншілес кәсіпорындарын трансформациялау барысы туралы баяндады.
«Қордың өндірістік және баға көрсеткіштері былтырмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Жалпы, қордың жағдайы тұрақты. Қазір еншілес компанияларда трансформациялаудың 130-ға жуық жобасы енгізілуде. Жекешелендіруге қатысты айтар болсақ, жоспарланған 2015 нысанның 60%-ы жекешелендірілді. Бүгінде ірі компанияларды сатуға кірістік», – деді «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы.
Сондай-ақ, Шөкеев Халықаралық IFSWF-2017 тәуелсіз әл-ауқат қорлары форумын өткізуге дайындық барысы жөнінде айтты. Онда әлемдік экономика жағдайындағы инвестициялық саясат мәселелерін талқылау жоспарлануда.
Соңында елбасы бірқатар нақты тапсырма берді.
newstaraz.kz