Электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы есірткі заттарын өткізген шымкенттік тұрғын 10 жылға бас бостандығынан айырылды
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 32 жастағы жергілікті тұрғынға қатысты қылмыстық іс қаралды.
Ол қылмыстық қудалау органымен электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы есірткі заттарын өткізгені үшін айыпталған болатын.
Белгілі болғандай, аталған азамат интернет желісінде өзіне белгісіз азаматтармен танысып, олармен алдын ала сөз байласып, адамдар тобы болып, белгілі бір мөлшерде төленуі тиіс болған сыйақы үшін онымен электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы, психотропты заттарды заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау және оларды өткізу туралы өзара келісімге келген.
Осы мақсатта, ол 2022 жылдың наурыз айында таңғы уақытта, интернет желісі арқылы өзі танымайтын тұлғаның жолдаған нұсқауымен белгіленген жерден есірткі заттарын алып, оны өткізу мақсатында өзіне ыңғайлы жерлерге жасыруды көздеген. Дегенмен, оның ойы іске аспай, әкімшілік аумақты тексеруге шыққан полиция қызметкерлерімен құрықталған.
Ұсталған жерде ол тәртіп сақшыларына 20 (жиырма) дана полиэтилен қапшықтарына оралған жалпы салмағы 10,3765 грамды құрайтын пирролидиновалерофенон (a-PVP) психотропты затын өз еркімен тапсырған.
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен айыпталушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық белгілерімен кінәлі деп танылып, оған осы баппен 10 (он) жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сотпен сотталушының жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерінде өтеу белгіленді.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі
newstaraz.kz