Елімізде қыз алып қашудан Оңтүстік Қазақстандық жігіттер көш бастап тұр
Көрнекі сурет. Фото: azattyq.org
Қоғам белсенділері қыз алып қашқандарға тағайындалатын жазаны қатайтуды ұсынып отыр. Мұндай қадамға сүреңсіз кеткен статистика себеп болған деп хабарлайды Астана арнасы.
Республика бойынша соңғы жылдары тіркелген 250 қыз алып қашу оқиғасының, тек жетеуі ғана сотта қаралған. Салт-дәстүрді ұстандық деп сылтауратып, қыз ұрлағандар неге бүгінгі күні жазасыз қалып жатыр?
Тапа тал түсте қалыңдық ұрлау тиылмай тұр. Оған ғаламторда жиі шығатын таспаларда негіз бола алады. Танымайтын қыздың басына қапшық кигізіп, көлікке сүйрей жөнелетіндер әлі де баршылық. Айналадағы адамдардан сескеніп жатқан да ешкім жоқ. Күштеп алып келіп, келін етеді.
Осындай оқиғаның бірі Алматыда өткен жылы орын алған. Колледждің кіре-берісінде 17 жасар Айселді көпшіліктің көз алдында ұрлап кетті. Баспасөздің жарыса жазған ақпаратынан қаймықты ма, бірнеше күннен соң олар қызды аман-есен үйіне қайтарды. Полиция бұл істі жайбарақат жаба салды. Әдетте мұндай жағдайға қатысты істер осылай аяқталады.
Жуырда бір топ жігіт Алматы облысында 20 жастағы Әлияны алып қашты. Жолда көлік аударылып, бойжеткен ауыр жарақатпен аурухана төсегіне таңылды. Ал оны көлікке басып салған төрт жігіт оқиға орнында мерт болды.
«Екеуін білетінмін. Олар менің таныс қыздарымның ағалары. Бастапқыда көмек сұрады. Қаланы білмейміз адасып жүрміз деп. Сосын алып қашты. Қанша қарсылық көрсетсем де, шамам келмеді. Әйтеуір Жартқан мені аман алып қалды», — дейді Әлия Ошақбаева.
Әлия қазір ауруханада. Бұл оқиғадан кейін оның жүйке жүйесіне зақым келген. Мамандар науқастың бұл күйзелістен шығуы көп уақыт қажет ететінін айтады.
«Бұндай іспен әлем болып күресу керек. Біз бір мәселені көтереміз сосын жылы жауып, ұмытып кетеміз. Отбасылар өзара келісімге келді дейміз де, қоя саламыз. Сонда зәбір көрген адамның денсаулығына кім жауапты?», — дейді «Ұлағатты жанұя» қорының президенті Марианна Гурина.
Марианна «қыз алып қашу оқиғасы Қазақстанда артпаса кеміген жоқ» дейді. Бірақ көпшілігі полицияға шағым түсіруден бас тартады, өйткені «қайтып келді» деген атақтан қорқады деп отыр.
Қалыңдық ұрлағандар қызға жәбір көрсетпей қайтарса, жауапкершіліктен босатылады. Қолданыстағы заңда осындай бөлім бар. Қылмыстық кодекстегі осы тармақ қоғам белсенділерінің наразылығын туғызып отыр. Заңгерлердің айтуынша, құқық қорғау органдарының өздері, қыз алып қашу қылмыстық іс пе әлде адам ұрлығы, не болмаса дәстүрге сай үйлену ме, ажырата алмай дал.
«Қазір көбі алдымен қызды алып қашады, сосын өзі келісті деп құтылады. Ал бойжеткен өзім тұрмысқа шыққым келді дейді. Сондықтан елімізде қыз алып қашуға тыйым салу керек деп есептеймін. Сол арқылы кез-келген ұрлықты қылмыс деп қарайтын боламыз», — дейді адвокат Жангелді Сүлейманов.
Ал Ішкі істер министрлігі қыз алып қашу ісі жіті бақылауда екенін айтты. Тергеушілердің сөзінше, адам ұрлағандарға жаза қатаң. Қалыңдық ұрлағандар қыз келісімін алмаса, ол 15 жылға жаза арқалайды,- деді.
«2010 жылдан биылғы жылдың 7 айын қосқанда, Қазақстанда 250 қалыңдық ұрлау фактісі тіркелген. Оның көп саны Оңтүстік Қазақстан олбысында тіркелген. Одан Қарағанды, Қостанай облыстарына келеді екен. 7 қылмыстық іс 6 жылдың ішінде сотқа жолданған. Қалғандары қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылған», — деді ҚР ІІМ тергеу департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі, полиция подполковнигі Арман Мұратжан.
Қазақстан Қылмыстық кодексінде «Адамдарды ұрлау» бабынан бөлек, қыздарды еріксіз алып қашу мәселесін қарайтын арнайы бапты енгізуді қоғам белсенділері бұған дейін де ұсынған. Бірақ әзірге нәтиже жоқ. Көбі қағаз бетінде не болмаса заңға түзету ретінде қаралады. Ендігі үміт мәжіліске келген жаңа құрамда, — дейді белсенділер.
newstaraz.kz