Жас ұрпақтың жан дүниесін дамыту, бойына патриотизмді, отаншылдық рухты арттыру мақсатында Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары — штаб бастығы полковник Нұртас Қабақов Шымкент қаласында В.Терещкова атындағы жалпы білім беретін №31 мектебінде «Жас Сарбаз» сыныптарында тәлім алып жүрген оқушылармен кездесу өткізді.
Іс-шара барысында полковник Нұртас Қабақов өзінің еңбек жолында болған қиыншылықтар мен қызықшылықтармен бөлісіп, оқушылармен әңгіме жүргізді.
«Ерлік – табиғат сыйы емес, саналы әскери тәрбиенің жемісі. Отан алдындағы қасиетті парызыңды орындау үшін адамзаттың ең асыл сезімімен жігерленіп, өзіңді саналы түрде қауіп-қатерге бас тігуге мәжбүр етудің нәтижесі»,- деп Б. Момышұлы атамыз айтқандай жастарға әскери патриоттық тәрбие жөнінде, елімізге деген мақтаныш сезімі туралы, шынайы патриот және Отан қорғаушы бейнесін қалыптастыруда өзін тәрбиелеу бүгінгі кез келген жас өреннің жүрегінде мектеп қабырғасында қалыптасатын дүние. Бүгінгі ұрпақ – ертеңгі елдің болашағы. Сондықтан да оқушылардың санасында барлық мақсатқа жетуге болатын табандылық пен қайсарлық қалыптасу керек», — деді полковник Нұртас Қабақов.
Кездесу соңында «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиынына қатысқан балаларға мадақтама қағаздары мен алғыс хаттарын табыстады. Әскери патриоттық клубының жастарына жеңіске деген ұмтылысы үшін алғысын білдіріп, алдағы уақытта білім жолындағы жетістіктеріне толағай табыс тіледі.
2 сыныпты сержант Мақсат ЖАҚСЫБЕК
Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі
newstaraz.kz